Жаңалықтар

Эр-Рияд Aramco акцияларын миллиардтаған долларға сатуды жоспарлап отыр — Reuters

Saudi Aramco 2024 жылы дивидендтерді 27%-ға – 124,3 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр / Фото: Reuters/Benoit Tessier

Сауд Арабиясы әлемдегі ірі мұнай компаниясы Saudi Aramco акцияларын бірнеше миллиард долларға сатуды жоспарлап отыр деп хабарлады Reuters ақпарат көзі. Бұл аймақтағы ең үлкен мәміленің бірі болуы мүмкін. 2019 жылғы рекордтық IPO-дан кейін Saudi Aramco әлемдегі ең қымбат қоғамдық компанияға айналды.

Saudi Aramco бұл туралы Reuters сұрауына түсініктеме берген жоқ. Сауд Арабиясы үкіметінің баспасөз кеңсесі агенттікке жауап бермеді.

Saudi Aramco акцияларын сатуды ұйымдастыруға Citigroup, Goldman Sachs және HSBC банктерін  тартты деп хабарлады Reuters ақпан айында дереккөздерге сілтеме жасап. Қазір Сауд Арабиясының үкіметі мұнай компаниясының 90%-на иелік етеді және оның салық пен дивидендтен түсетін төлемдеріне өте тәуелді деп жазады агенттік. Мамыр айының басында Aramco бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша  31 млрд доллар дивиденд төлеуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Солай бола тұра, Сауд Арабиясының үкіметі жеке секторды кеңейтуді және мұнайдан басқа саладан түсетін кіріс арқылы өсуді көздейтін экономика құру үстінде.

Рекордтық IPO

2019 жылы әлемдегі ең үлкен листинг Saudi Aramco-ға тиесілі болды. Компания 25,6 млрд доллар тартты. Бұл қытайлық Alibaba-ның 2014 жылғы нәтижесінен ($25 млрд доллар) асып түсті. Saudi Aramco 1,7 млрд долларға бағаланып, сол кездегі әлемдегі ең қымбат қоғамдық компанияға айналды.

2023 жылы Saudi Aramco акциялары 38,64 риялға өсіп (ағымдағы бағам бойынша $10,3), рекордтық деңгейге көтерілді. Бұл IPO бағасынан шамамен 21% жоғары (32 риял). Дүйсенбі, 27 мамырдағы сауда бойынша акциялардың құны 29,7 риялға жетті – бұл 24 мамырда биржа жабылған кездегіден 0,8% -ға артық.

2024 жылдың бірінші тоқсанында Saudi Aramco-ның таза кірісі, мұнайдың қымбаттауына және салықтың аздығына қарамастан, жылдық есепте 14%-ға – 27,77 млрд долларға төмендеді. Бұл Visible Alpha сауалнамасына қатысқан сарапшылардың келісімді болжамынан аз деп жазды MarketWatch. Операциялық қызметтен түскен ақша ағыны да нарықтағы үмітті ақтамай, 15%-ға кеміді.

Сарапшылардың пікірі

Пайданың азайғанына қарамастан, сарапшылар мұнай компаниясы акциясының құны артады деген ойда деп жазды Investing.com жүргізілген есеп-қисаптан кейін. InvestingPro талдауына сәйкес, акцияның әділ құны 9,15 доллар болмақ. Ал 24 мамырда сауда жабылған кезде ол шамамен 7,85 доллар болды. Investingpro мәліметтері бойынша, сарапшылардың орташа мақсатты бағасы сол кезде 8,94 доллар болды. Ал кейбірінде бір акция үшін 10 долларға дейін жетті.

Aramco акциялары қомақты сыйлықақымен саудаланады. Олардың бағасы мен пайдасының арақатынасы 16-ға жуық. Бұл энергетика секторы үшін орташа мәннен төрт есе артық және ірі бәсекелестер — Shell мен Chevron-нан көп деп жазды Investing.com. Saudi Aramco-ның инвестор үшін басты артықшылығы — оның дивидендтері. 2023 жылы ол  97,8 млрд доллар төледі — бұл 2022 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. 2024 жылы Aramco дивидендті тағы 27%-ға — 124,3 млрд долларға дейін арттырғысы келеді.

MarketScreener мәліметтері бойынша, қазір 15 сарапшының 12-сі инвесторларға Saudi Aramco акцияларын портфельде ұстауға кеңес береді. Екеуі оларды сатып алу керек деп санаса, ал бірі динамика тұрғысынан алғанда акция құны саланың орташа мәнінен артта қалатынын ескертеді.