Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия қосымша 235 млрд теңгені мемлекетке қайтарады. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген комиссияның отырысында белгілі болды.
Активтерді ерікті түрде қайтару туралы бірқатар келісім бойынша 230 млрд теңге ақшалай түрде Қаржы министрлігінің шотына аударылады. Сондай-ақ жер қойнауын пайдалану кәсіпорындарындағы акциялар, жер телімдері және Алматыдағы әкімшілік ғимарат мемлекеттің меншігіне өтеді.
Сонымен қатар комиссия заңсыз дүние-мүлік, қаражатты қайтаратын тұлғалармен жалпы құны 28 млрд теңгеден астам инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер жасасуды қолдады. Қаражатты ел экономикасына қайта инвестициялау – аталған заңда көзделген шаралардың бірі.
Жыл басынан бері комиссия шешімдерінің негізінде мемлекетке 325 млрд теңгеден астам соманың активтері қайтарылды. Оның ішінде ақшалай қаражат, 13 мың гектар жер, тарихи-мәдени мұра заттары, қымбат зергерлік бұйымдар бар.
Заңсыз активтерді қайтару 2022 жылдан бері жүргізілуде
2022 жылдың 26 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қаулы шығарды. Оған сәйкес:
- Заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін анықтауға;
- Заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге;
- Заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге;
- Мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға;
- Активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға;
- Өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға;
- Келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған ҚР заңының жобасын әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізуі керек болған.
Президент 2023 жылдың 12 шілдесінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. 12 қазанда Президенттің активтерді қайтару жөніндегі комитет құру туралы жарлығы күшіне енді. ҚР Бас прокуратурасының жанынан құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүргізеді.
Ірі ойыншылардан да тәркіленді
Былтыр желтоқсан айында Антикор 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 857 млрд теңгенің мүлкін қайтартқанын мәлімдеді. Соның ішінде 159,8 млрд теңгесі – шетелден қайтарылған актив сомасы. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті. Атап айтқанда, Австриядан 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, БАӘ-ден 6,3 млрд, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.
Еліміздің ірі ойыншылары Қайрат Сатыбалдыұлынан, Қайрат Боранбаевтан, Болат Назарбаевтан активтер кері алынды.
Тасқынға күрес шараларына жұмсалды
Сәуір айының аяғында заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке 40 млрд теңге қайтарғаны мәлім болды. Осының ішінде қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталатыны айтылды. 40 млрд теңгенің 38 млрд теңгесі – ақшалай қаражат. Ал Астанадағы бизнес-орталық құны 2 млрд теңге деп есептелінген. 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданған.