«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ақпараттық жүйені әзірлеуге бөлінген 105 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін Мәдениет және спорт министрлігі мұрағат істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары, сондай–ақ IT-компанияның директоры сотталды. Бұл жайлы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олар «құжаттардың бірыңғай электрондық мұрағаты» ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге деп қосымша қаражат бөлу арқылы ақша жымқыру схемасын жүзеге асырған. Атап айтқанда, сотталғандар атқарылып қойған жұмыстарға қосымша қаражат бөлінуі үшін компьютерлік технологиялар саласындағы терминологияны қолданған.
Бұл атқарылған жұмыстардың техникалық ерекшеліктерін мердігердің өзі әзірлеп, кепілді техникалық сүйемелдеу бойынша міндеттемені қабылдап, пайдалануға енгізген.
Соған қарамастан комитет басшылығы орындалған жұмыстарға бюджет қаражатын бөліп, оны жалған актілер бойынша мердігерге қайта аударған.
«Ұрланған ақша қаражаты қылмыстық шығу тегін жасыру және заңды айналымға енгізу мақсатында сенімді тұлғаларға ресімделген қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға бағытталған»,- делінген құжатта.
Сот үкімімен олардың әрқайсысына 6,5 жылға бас бостандығына айыру жазасы тағайындалған. Агенттік хабарлауынша, сотталушылардан келтірілген залал өндірілген.
Сонымен қатар, сотталған мемлекеттік қызметші өмір бойы мемлекеттік лауазымдарда істей алмайды. Ол сонымен бірге осы күнге дейін алған мемлекеттік наградаларынан да айырылған. Ал мердігер компания басшысының 7 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығы шектелген.
Үкім заңды күшіне енбеген.
Еске сала кетсек, 1 науырза сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен бұрынғы Сәдениет және спорт вице-министрі ұсталған болатын. 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей форумын өткізу үшін қасақана сематалық құжатқа бағаны өсіріп көрсетті деп күдіктеледі.
Агенттіктің хабарлауынша, вице-министр коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет еткен. Солайша 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.