Жаңалықтар

Алматы халықаралық әуежайының президенті болып Гөкер Косе тағайындалды

Алматы әуежайының президенті болып Гөкер Косе тағайындалды / Алматы әуежайының баспасөз қызметі

Алматы халықаралық әуежайының президенті Альп Ер Тунга Ерсой 16 маусымнан бастап қызметінен босайды. Ол 2021 жылдың маусымынан бері әуежайды басқарған.

Жаңа басшының аты-жөні белгілі болды. Гөкер Косе халықаралық әуежайдың президенті болып тағайындалды. Бұл жөнінде Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

Гөкер Косенің операциялық басқару, жоспарлау, инвестициялау, қаржылық менеджмент және әуежай қызметінің тиімділігін арттыру саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар.

Ол TAV Airports холдингіне 2005 жылы қосылды. Азаматтық авиация мен әуежайларды басқару және менеджмент саласында тағылымдамадан өтті. Анкарадағы жаңа Есенбоға әуежайына қатысты Operational Readiness and Airport Transfer (ORAT бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосты.

2006 жылы Гөкер Косе TAV Airports холдингінің қаржы және стратегия бөліміне шақырылды. Осы бөлімде 10 жылдан астам көптеген жобаны жүзеге асырды. Әуежай жобаларының техникалық және экологиялық сараптамасына, сондай-ақ олардың қаржылық және коммерциялық жоспарлауына белсене қатысты. Сондай-ақ әуежайдың инвестициялық жобаларын, оның ішінде қысқа және ұзақ мерзімді бюджеттік жоспарлау мен қаражат жинауды бақылаған.

2017 жылы ADP-де инвестициялар және қаржылық жоспарлау жөніндегі директор лауазымын атқарды. Париждегі Шарль де Голль және Орли әуежайларындағы инвестициялық жобаларды басқарды. Сонымен қатар Groupe ADP-тің үнді бөлімшесі GMR Airports үшін бизнесті дамыту мәселесі бойынша жұмыс істеді.

Гөкер Таяу Шығыс техникалық университетін бітірген. Сонымен қатар Ыстамбулдағы Босфор университетінің МВА дәрежесіне ие.

Айта кетейік, Алматы әуежайы жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған. Бұл қаражатты әуежайға иелік ететін TAV Airports Holding компаниясы инвестициялаған.