Швейцариялық Glencore Plc компаниясы топтың қазақстандық активі – «Қазцинк» кен-металлургия компаниясын сату мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Bloomberg басылымы жағдаймен таныс дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Glencore Plc Қытайдағы әлеуетті сатып алушылардың қызығушылығына байланысты қазақстандық «Қазцинк» компаниясындағы өз үлесін сатуды қарастырып жатыр», -деп жазады басылым.
Компания сонымен қатар «Қазцинк» басқаратын Васильковское алтын кенішін де сатуға ниетті. Кейбір дерекөздік пікірінше, алтын кеніші мен «Қазцинктің» негізгі мырыш кен орындары бөлек сатып алушыларға немесе бір тарапқа сатылуы мүмкін. Алайда бұл алдын ала тақылаудан нақты шешім шықпауы да мүмкін.
Glencore компаниясы қазір Kazzinc акцияларының 70%-на иелік ететіні атап өтілген. Басылымның мәліметінше, қытайлық компания тарапынан қызығушылық жоғары болып отыр. Дереккөз келісім құны бірнеше миллиард доллар болуы мүмкін екенін айтқан. «Самұрық-Қазына» АҚ компания акцияларының 29,8 пайызына иелік етеді.
Glencore жыл сайынғы есебіне сәйкес, «Қазцинктің» мырыш өндірісі 2023 жылы 27 500 тоннаға өсіп, 173 900 тоннаға жеткен. Ал қорғасын өндірісі 35 600 тоннаға, мыс 14 800 тоннаға және алтын 598 000 унцияға жетті.
«Қазцинк» – мыс, бағалы металдар және қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін көптеп қоса өндіретін интеграцияланған ірі мырыш өндіруші. Компанияның негізгі кәсіпорындары Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында орналасқан.