Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын Open API технологиясына қосуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
1 шілдеден бастап Open API жүйесі іске қосылады / Архив: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарын Open API технологиясына қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«Қазір біз екінші деңгейлі банктермен Open API жобасын әзірлеп жатырмыз. Болашақта, менің ойымша, микроқаржы секторы дәлірек айтқанда, цифрландыру дамып келе жатқанда, МҚҰ бизнес-процестері тұрғысынан біз микроқаржы ұйымдарын да Open API жобасына кезең-кезеңімен қосатын боламыз», – деді Олжас Қизатов Орталық коммуникациялар алаңында.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендетуге арналған баспасөз мәслихатында реттеуші 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Open API технологиясына негізделген Open Banking жобасын толығымен іске қосуды жоспарлап отырғанын айтты.

Осылайша қазақстандықтар бір қосымша арқылы әртүрлі банктің шоттарын пайдалана алады.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Open Banking пилоттық жобасы іске қосылды. Алғашқы төрт банктің мобильді қосымшалары арқылы тестілеуге Bank RBK, Altyn Bank, Home Credit Bank, Bank CenterCredit және «Отбасы банк» қатысты.

Жыл басында ҚР Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қатысуымен Қазақстанда Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз