Жаңалықтар

385 мың қазақстандық несие алудан ерікті түрде бас тартты – Қаржы нарығын реттеу агенттігі

Ерікті түрде бас тарту несиелер санының төмендеуіне айтарлықтай әсерін тигізбеді / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда 385 мыңға жуық азамат несие алудан өз еркімен бас тартқан. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтты.

Оның айтуынша, ақпан айында қарыз алудан ерікті түрде бас тарту туралы заң нормасы күшіне енгеннен кейін осыншалықты адам несие алудан өзін шектеген.

«Қазіргі таңда Қазақстанның 385 мың азаматы несие алудан бас тартудың осы ерікті құқығын пайдаланып үлгерді. Бұдан басқа несиелеу кезінде тәуекелдерді азайту туралы заң аясында біз қаржы ұйымдарының қосымша жауапкершілігін қарастырдық. Егер олар осы уақытқа дейін несие алудан өз еркімен бас тартқан адамдарға несие берсе, онда банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл несиелерді есептен шығаруы тиіс», – деді Олжас Қизатов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегінше, осы жылдың бірінші тоқсанында берілген шағын несиелердің жалпы көлемі 525 млрд теңге теңгені құраған. Бұл шамамен 4,5 миллион келісімшарт.

«2023 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеу байқалады. Несиенің көлемі мен саны бойынша да шамалы төмендеу бар. Бірақ, менің ойымша, бұл көбірек маусымдық сипатқа ие. Ерікті түрде бас тарту туралы норма, несиелер санының төмендеуіне қандай да бір әсерін тигізеді деп ойламаймыз. Бұл шаралар алаяқтық операцияларының санын азайтуға бағытталған», – деп атап өтті Олжас Қизатов. 

Айта кетейік, микроқаржы ұйымдарына микрокредит беру кезінде клиенттен жеке басын куәландыратын құжат көшірмесін талап етуіне тыйым салынады.

Қаржы ұйымдары қарыз берер алдында клиенттің бұған дейін несие алудан ерікті түрде бас тартқан-тартпағанын тексеруге міндетті. Егер жеке және заңды тұлға несие алудан ерікті түре бас тартса және ол кредит тарихында жазылса, банктер мен микроқаржы ұйымдар бұл тұлғаларға несие беруден бас тартуға тиіс.

Еске салсақ, осыған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов елімізде былтырдан бері 12 мың адам банкрот ретінде бекітілгенін мәлімдеген болатын. Олардың жалпы сомасы 27 млрд теңге болатын қарызы кешірілген.

Оның сөзінше, жаңа өзгерістер қабылданған жағдайда екінші жарты жылдықтан бастап, жұмыс істей бастайды. Өзгерістерге сәйкес, енді «банкрот ретінде танылуды қалайтын» азамат тек арыз береді. Қосымша құжаттарды тапсырудың қажеті жоқ. Ол құжаттарды Қаржы министрлігі өзі тексеріп шығатын болады.