Жаңалықтар

Полиция әскерге шақыру жасындағы азаматтарға неге рейд жүргізеді? – Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді

Полиция әскерге шақыру жасындағы азаматтарға неге рейд жүргізеді? / Фото: Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі

Қорғаныс министрлігі полиция қызметкерлерінің әскерге шақыру жасындағы азаматтарға рейд жүргізу себебін түсіндірді. 

Министрлік бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан бейнематериалдарға қатысты түсініктеме берді.

«Шақыру науқандары барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері байқалады. Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді», – делінген хабарламада.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі заңнамаға сәйкес шақыру қағазын азаматтардың тікелей өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде, оның әскери бөлімшеге келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі.

Бұған қоса, министрлік рейд кезінде кейбір азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетіп жатса, полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді жүзеге асыруға құқылы екенін жазады.

«Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде  анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

2024 жылғы 30 маусымға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскери құралымдардың қатары 20 мыңнан астам ер-азаматпен толығады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар алынады. Оның ішінде Қарулы Күштерге 9 мың, Ұлттық ұланға 6 мың, Шекара қызметіне 3 мың, Төтенше жағдайлар министрлігіне 300, мемлекеттік күзет қызметіне 300-ге жуық адам қабылданбақ.