Жаңалықтар

Мамырда Қазақстандағы мұнай өндірісі ОПЕК+ квотасынан асып түсті – S&P

Қазақстан ОПЕК+ квотасын 22 мың баррельге асырды / Архив? kursiv.media

S&P Global Commodity Insights шолуына сәйкес, Қазақстанда 2024 жылдың мамыр айында мұнай өндіру тәулігіне 1,49 млн баррельді құрады.

«Мамырдағы көрсеткішке сүйенсек, Қазақстанның ОПЕК+ келісімі бойынша мұнай өндіру квотасы тәулігіне 1,468 млн баррельді құрады», – деп жазылған шолуда.

Осылайша, S&P Global Commodity Insights мәліметі бойынша, Қазақстан мамырда ОПЕК+ квотасын тәулігіне 22 мың баррельге асырып жіберген.

Қазақстанның Энергетика министрлігі елдегі соңғы бір айдағы мұнай өндіру туралы мәліметтерді әзірге ұсынған жоқ. Алайда қаңтарда айында да елдегі мұнай өндірісі ОПЕК+ квотасынан асып түскен. Reuters агенттігінің есебіне сәйкес, Қазақстан 2024 жылдың қаңтарында тәулігіне 1,578 млн баррель мұнай өндірді. Бұл 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 0,5%-ға артық және келісім квотасынан жоғары.

Еске сала кетсек, былтыр мамырда ОПЕК + елдерінің бір бөлігі мұнай өндіруді ерікті түрде төмендете бастады.

Ал тамызда Қазақстан мұнай өндіру бойынша ұйым квотасын орындай алмады.

Қазақстан 2024 жылдан бастап мұнай өндіруді қысқартуға келісті. Бұл жөнінде 30 қарашада ұйымға мүше елдердің министрлерінің кездесуінен кейін, Қазақстан энергетика министрлігі хабарлады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі тәулігіне 1468 мың баррельге дейін азаюы мүмкін. Қазіргі таңда министрлік ірі мұнай өндіруші компаниялардың акционерлерімен мұнай өндіруді қысқарту туралы келіссөздерді бастады. Әр тараппен қысқартудың қолайлы нұсқалары мен көлемі қарастырылып жатыр.

ОПЕК+ бұл ОПЕК-ке кірмейтін, бірақ осы ұйыммен және мұнай өндіру мен экспорттаудағы кейбір мәселелерде өзара әрекеттесетін мемлекеттер қауымдастығы. Оның құрамына 11 ел кіреді. Атап айтқанда, Қазақстан, Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Бразилия, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан, Оңтүстік Судан.