“Битлз” солистерін сомдайтын актерлердің бейресми тізімі көрермендер наразылығын тудырды

Жарияланды
«Битлз» туралы фильмді Сэм Менден түсіреді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Британдық режиссер Сэм Мендес атақты «Битлз» тобы туралы төрт бірдей биографиялық фильм түсірмек. Бұқаралық ақпарат құралдары топ мүшелерін кім сомдайтыны белгілі болды деп жазып жатыр. Фильмді өнерсүйер қауым да асыға күтіп жүрген көрінеді. 

Жыл басында белгілі режиссер, «Оскар» иесі Сэм Мендес Sony, Apple Corps Ltd. компанияларымен бірлесіп, ливерпульдік вокалды топ туралы төрт фильм түсіретіні хабарланды. Әр фильм бір солист туралы болмақ. Туынды 2027 жылы көрерменге  жол тартады деп жоспарланып отыр. Фильмге қатысушылар туралы ақпарат жарияланбағанымен, жақында «Битлз» жанкүйерлері «Битлздің кинематография әлемі» деп атап кеткен фильмге түсетін басты актерлер туралы сыбыс тарады. 

Соған сенсек, Пол Маккартниді бұған дейін «Бейтаныс адамдар», «Кармен” фильмдерінде ойнаған ирландиялық актер Пол Мескал сомдайды. Актердің сонымен қатар жақында «Гладиатор» фильмінің екінші бөліміне түсетіні белгілі. Пол Меска  –бүгінде Холливудтағы сұранысқа ие өнерпаздардың бірі. Сондықтан көпшілік мұндай талантты актердің Пол Маккартнидің бейнесін сомадайтынына қуанышты. Тіпті Мескалдің бозбала кейпін де Маккартниге сай көріп отыр. 

Ал Джон Леннонды Хәррис Дикинсон ойнайды. Жақында ғана «Мұңды үшбұрыш» фильмінде көрінген британиялық әртіске төрттіктегі танымал әншінің рөлі беріледі деген хабар бар. Бұдан бөлек биыл Венеция кинофестивалінде көрсетілетін Стив МакКуиннің екінші дүниежүзілік соғыс туралы «Блиц» фильміне де қатыспақ. Көпшілік Дикинсон мен Леннон арасында ұқсастық байқамаған, сондықтан бұл жаңалыққа аса қуанбады. Дегенмен актердің талантына сеніп, фильм сәтті шығады деген ойда. 

Ринго Стар рөлі Барри Кеоганға бұйырмақ. Актерлер қатарынан тағы бір ирландиялық актер көрінеді. Барри Кеоган – Канн фестивалінде таныстырылған Андреа Арнольдтің «Салтберн» фильмінде Инишерин Банши рөлін сомдап, көптің көзайымына айналған жас актерлердің бірі. Көрермендер дәл осы таңдаудың сәтті болғанын айтады. Жас жұлдыз бұл фильмнің әсерлі шығуына үлкен үлес қосады деген ойын да жасырмады. 

Джордж Хәррисонды Чарли Роу сомдайды. Роу үшін бұл алғашқы тәжірибе емес. Өйткені актер Рей Уилиямстің Элтон Джон туралы «Рокетмен» биографиялық фильміндегі рөлі арқылы танылды. Бұл өнерпазды таңдаудың да өз сыры бар деседі. Себебі Хәррисон «Ливерпуль төрттігіндегі» «Тыныш Битл» атанған. Өз жөнімен жүретін тыныш әнші рөлін аса танымал емес актерге беру де режиссер айласы. 

Әрине, жоғарыда атап өткеніміздей бұл хабар режиссер тарапынан расталмады. The Beatles солистерін сомдайтын актерлерді таңдау оңай жұмыс емесі де, рас. Өйткені актерлерге әр әншінің қиын образын сомдап қана қоймай, ішкі сезімін, жай-күйін де жеткізу міндеттеледі. Оған қоса бірнеше онжылдықтар бойы сүйіп тыңдаған тыңдарманның үмітін ақтап, ойынан шығу да оңай шаруа емес. Мендес әр фильм әр әншінің тарапынан баяндалатыны, Apple Corps Ltd. пен The Beatles өнерпаздардың өмірі, топ тарихы мен музыканы қолдануға толық құқық беруге келіскен. 

Тыңдармандар кастиңнің тым ашық әрі болжамды өтіп жатқанын, тіпті актерлерді режиссер емес әлеуметтік желідегі қолданушылар таңдағандай сезім туатынын жазып жатыр. Олар фильм туралы деректердің ерте мәлім болып кеткеніне наразы. Сонымен қатар танымал емес актерлерді жұмылдыру ұтымдырақ боларын да айтып жатқандар бар. «Битлз» жанкүйерлерінің бірі әлеуметтік желіде «Британияның жұмысшы отбасынан шыққан, талантты бірақ әлі танылмаған актерлерді тарту дұрыс болар еді. Көрермендерге де қызық, талантты жастарға да мүмкіндік. Алайда біз әлі де “Туиттер» кастиң мектебі деңгейінде қалып қойдық” деп жазыпты. Тағы бір белсенді «Аталған актерлер мен олардың талантына еш қарсылығым жоқ. Бірақ Холивудтің танымал емес актерлерді шақырмайтыны таңғалдырады» деп пікір қалдырған. Бір оқырман «Актерлерді ескерсек, Йоко рөлін Синди Суини ойнайтын шығар» деп қалжыңдапты. 

Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Актерлер құрамы ресми бекітілгеннен кейін де сын көбейетіні сөзсіз. Режиссер сырт келбетінің, дауысының ұқсап-ұқсамауына қатысты талас туу заңды екенін айтады. Дегенмен туынды экранға шықпайынша, сын айту орынсыз.  

Сондай-ақ оқыңыз