Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу жоспарын жариялады. Шығу мерзімі әлі нақты белгіленген жоқ.
Бұл туралы Пашинян Парламенттегі Үкімет сағатында мәлімдеді.
«Шығайық. Осымен қорқытқыңыз келе ме? Қашан шығатынымызды өзіміз шешеміз», – деп келтірде Пашинянның сөзін Арменпресс басылымы.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын мәлімдеген болатын. Ол ұйымның Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімі, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмағанын айтты. Пашинян мұның ел назарынан тыс қалмағанын айтып, сол себепті бұл келісімге қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеудің келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымның бірталай жиынына қатысудан бас тартты. Мәселен, Арменияның Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:
«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіді.
Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.
«Бүгін ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.
Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.
Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.