Қазақстанның Қарашығанақ пен Қашаған операторларына қарсы шағымы халықаралық арбитраждық сотта қаралып жатыр. Бұл жайлы Мәжілістің кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Халықаралық арбитражды сот Қазақстан үкіметінің елдегі ірі мұнай-газ кен орындарын – Қарашығанақ пен Қашағанды игеруші операторларға қатысты шағымдары бойынша істерді қарау рәсімін бастады», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министр Қарашығанақ пен Қашаған бойынша тиісті процедуралық шаралар қолға алынғанын хабарлаған. Ол сонымен бірге даудың коммерциялық сипатта жүріп жатқанын, оның инвестициялық ахуалға еш әсер етпейтінін жеткізген.
«Яғни өнімді бөлуге қатысты келісім бойынша міндеттемелерді толықтыру мәселесі жөнінде айтып отырмыз. Бұған қатысты шешімді халықаралық сот шығарады», – деген ол.
Дау туралы
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 29 наурызында Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы экологтардың 2,3 триллион теңге айыппұлын сот арқылы даулап жатқаны туралы ақпарат тарады.
14 маусымда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты North Caspian Operating Company консорциумының шағымын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот шешімімен талап арыздың үш тармағы қанағаттандырылған. Қалған шағымдарын сот қанағаттандырудан бас тартты.
Бірақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі сот шешімімен келіспеді. Министрлік ертесі Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін хабарлады. Осыған дейін Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін дау бар екенін растаған.
«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қатысатын мердігер компаниялар арасында (KMG Kashagan B.V. компаниясын қоспағанда) келісімнің кейбір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар даулы мәселелер бар. Келісімге сәйкес, бұл мәселе арбитражға жүгіну арқылы шешілуі керек», – дейді NCOC.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев North Caspian Operating Companу консорциумы Қазақстанның экологиялық талаптары бойынша халықаралық арбитражға жүгінбеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде іс еліміздегі сот жүйесінде қаралып жатыр. Әзірге компания да, министрлік те арбитраж сотқа өтініш бермегенін айтты.
Ал осы жылдың 16 қаңтарында Bloomberg ірі мұнай компаниялары Қашаған кен орнына қатысты құны 5 млрд доллар болатын дауды реттеуге жақын қалғанын хабарлады. Агенттік ақпаратына сүйенсек, Қашаған алып кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары мен Қазақстан билігі өзара мәміле жасауға жақын. Басылым компаниялар 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешуге ниетті.
NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).