Банк пен қаржы

Freedom Holding Corp. компаниясының түсімі 2 есе, пайдасы 1,8 есе ұлғайды

Freedom Holding Corp. увеличила выручку в 2 раза
Freedom Holding Corp. компаниясының түсімі 1,635 млрд долларды құрады / Коллаж: kursiv.media

2024 фискалдық жылдың қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. компаниясының түсімі 1,635 млрд долларды құрады. Бұл ретте компания түсімі 839,4 млн долларға өсті (+105%). Көрсеткіштің артуына бірнеше фактор ықпал етті.

Оның ішінде, кірістің 533,5 млн долларға ұлғаюы сауда портфелінің және ондағы облигациялардың үлесінің кеңеюімен байланысты. Сонымен бірге клиенттерге берілген банктік кредиттер, маржалық қарыздар, кері РЕПО шарттары және банктердегі қаражат, сондай-ақ сату үшін қолда бар бағалы қағаздар бойынша пайыздық кірістердің өсуі байқалды.

Сақтандыру секторы

Компания ақпаратынша, сақтандыру андеррайтингінен келіп түсетін кіріс негізінен алынған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі есебінен 115,4 млн доллардан 264,2 млн долларға дейін (+129%) ұлғайды. Бұл сақтандыру операцияларының кеңеюіне және қолданыстағы сақтандыру шарттары санының ұлғаюына байланысты болды.

Кірістер бойынша есеп

Ал комиссиялық кірістер 113,1 млн долларға немесе 35%-ға ұлғайды. Өсімге негізінен бөлшек брокерлік клиенттердің санын артуы ықпал еткен. Сонымен бірге, төлемдерді өңдеу мен банктік көрсетілетін қызметтерден алынатын комиссиялық кірістердің өсуі байқалды.

«Бағалы қағаздар бойынша таза пайда бір жыл ішінде 71,1 млн долларға 1 133,9 млн долларға дейін 88%-ға ұлғайды. Бір жыл ішінде сауда бағалы қағаздары бойынша іске асырылған пайда алынды. Ол Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бір жыл ішінде сатылған борыш бағалы қағаздарына жатады», – деп жазылған компания есебінде.

Ал шетел валютасымен жасалатын операциялардан келіп түсетін таза пайданың 20,4 млн долларға өсуі Freedom Bank-тің шетел валютасын сатып алу және сату жөніндегі қызметінің кеңеюіне байланысты болған.

Холдингтің шығыстары қанша?

Холдингтің шығыстары 640 млн долларға (+114%) өсті. Мұндай серпін бірнеше факторға байланысты. Атап айтқанда, инвестициялық портфель көлемінің кеңеюіне байланысты РЕПО арқылы қысқамерзімді қаржыландыру бойынша шығыстардың өсуінен пайыздық шығыстар 292,2 млн долларға (+140%) артты. Сондай-ақ көрсеткіштің өсуі Freedom Bank-тің клиенттер базасының кеңеюіне байланысты депозиттер бойынша пайыздардың ұлғаюына ықпал етті.

Холдингке кіретін компаниялардағы қызметкерлер санының өсуінен есепті кезеңде жалақы мен сыйлықақылар 99,2 млн долларға (+121%) өсті. Қайта сақтандыруды шегергенде келтірілген сақтандыру өтемақыларының көлемі 62,2 млн долларға (+80%) артты.

Жалпы және әкімшілік шығыстар 60,9 млн долларға (+102%) өсті. Кәсіби көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығыстар 17,2 млн долларға (+101%) ұлғайды.

Таза пайда қанша?

Freedom Holding Corp. компаниясының 2024 фискалдық жыл қорытындысы бойынша таза пайдасы 375 млн долларды құрады.

«59,0 млн дананы құрайтын акциялардың орташа алынған базалық санына сүйене отырып есептелген холдингтің акциясына шаққандағы пайда 6,37 доллар болды. 59,4 млн дананы құрайтын акциялардың сұйылтылған орташа алынған санына сүйене отырып есептелген холдингтің акциясына шаққандағы пайда 6,33 долларды құрады», – деп жазылған есепте.

Холдингтің активтері 5,085 млрд доллардан 8,301 млрд долларға дейін (+63%) өсті. Міндеттемелер 4,314 млрд доллардан 7,135 млрд долларға дейін (+65%) артты.

Холдингтің есебінше, брокерлік клиенттер шоттарының саны 2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша 530 мың болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 160 мыңға (+58%) артық.

Freedom Holding Corp. қаржылық қызметтер ұсынатын, брокерлік қызметпен, бағалы қағаздармен сауда жасаумен, инвестициялық зерттеулермен, инвестициялық консультация берумен, инвестициялық банктік және андеррайтингтік қызметтермен, ипотекамен, сақтандырумен айналысатын әртараптандырылған компания болып табылады. Компаниясының жай акциялары АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясында тіркелген және Nasdaq Capital Market-те FRHC тикерімен саудаланады.

Еске сала кетсек, Freedom Holding Corp. 2023 жылдың IV тоқсандағы түсімі екі есе өсіп, 418,6 млн долларды құрады.