Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстер саны аптасына 124 рейске дейін жетпек. Екі ел аспанында «ашық аспан» режимі орнатылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Сиань қаласында Қазақстаның авиациялық билігі мен Қытай Халық Республикасы арасында келіссөз өткен. Нәтижесінде қос тарап екі ел арасындағы әуе рейстер санын 124-ке жеткізу және шектеусіз жүк тасымалдау туралы келісімге келді. Сонымен қатар тасымалдаушылар саны артып, Қытай аумағында жаңа пунктер қосылды.
«Қазақстандық авиакомпаниялар Хайнань аралындағы (Санья, Хайкоу және Цюнхай қалалары) пункттрге, оның ішінде бесінші, алтыншы және жетінші «ауа еркіндігін» пайдалана отырып, шексіз рейстерді орындау құқығына ие болды», – делінген хабарламада.
Министрлік Қазақстан Қытайға «ашық аспан» режимінде рейс орындау құқығына ие болған әлемдегі санаулы елдердің бірі (АҚШ және бірқатар Еуропа елдері) екенін атап өткен.
Былтыр қарашада Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.
Қытаймен арада визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты екі ел арасында әуе рейстерінің саны артты. «Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы-Пекин бағытында 6 рейс ұшырып келген. Енді жеті рейс ұша бастады. Ал Астана-Пекин бағыты бойынша рейс аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін артады. Сондай-ақ бұрын Алматы-Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс ұшып жүрген болса, алдағы уақытта 7 рейске дейін артты.
Жыл соңында «China Southern Airlines» компаниясы Бейжің қаласының жаңа әуежайынан Қазақстанға тікелей рейс іске қосқан болатын.