Сарапшылар Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамын 4,3%-дан 4,1%-ға дейін төмендетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
2024 жылға арналған инфляция болжамы 8,5%-дан 8%-ға дейін жақсарды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зимперов

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады.

Сауалнамада Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының мәні негізге алынған.

Оның нәтижелеріне сәйкеc, мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары өзгеріссіз қалды. Респонденттердің медианалық болжамы бойынша 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы баррельні 83,7 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Ал 2025 және 2026 жылдары 1 баррель 80 АҚШ доллары деңгейінде болмақ.

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2024 жылға арналған болжамдардың медианасы 4,3%-дан 4,1%-ға дейін біршама төмендеді. 2025–2026 жылдарға арналған болжам 5% және 4,5% деңгейінде сақталды.

2024 жылға арналған инфляция болжамы 8,5%-дан 8%-ға дейін жақсарды. 2025–2026 жылдарға арналған инфляциялық болжам 6,8% және 6% деңгейінде өзгеріссіз қалды.

Сарапшылардың биылғы жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша болжамдары жылдық орташа 14%-дан 14,4%-ға дейін артты. 2026 жылға – 9,2%-дан 10%-ға дейін өсті. Келесі жылға болжам аса өзгермей, 11%-ды құрады.

Ұлттық Банктің макроэкономикалық сауалнамасына қатысушылар құрамы кеңейді. Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 15 ұйым қатысты.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның экономикасы 5,1% өсімге қол жеткізді. Тауар өндірісі 3,8 %-ға, көрсетілетін қызметтер – 5,8 %-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз