Оңтүстік кореялық Samsung электроника өндірушісі екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жылдық мәнде операциялық пайдасының 13 есе өскенін айтуы мүмкін. LSEG бақылап отырған сарапшылар осылай деп бағалап отыр. Бейсенбіде Сеулдегі саудада Samsung акциялары 3%-дан аса қымбаттады.
Толығырақ
Reuters-тің хабарлауынша, екінші тоқсанда Samsung-тың операциялық кірісі 8,8 трлн вонға (6,34 млрд долларға) дейін өскен. Бұл – 2022 жылдың үшінші тоқсанынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылы компанияның екінші тоқсандағы операциялық кірісі 670 миллиард вон болған еді. Чип шығаратын негізгі бөлімшенің кірісі 4,6 трлн вонға жетті. Ал бір жыл бұрын оның шығыны 4,4 трлн вон болған.
Жасанды интеллект технологиясына сұраныстың артуына байланысты жад чиптерінің бағасы өсуде. Атап айтқанда, DRAM жедел жады чиптері 13-18%-ға, SSD тасымалдаушыларға арналған NAND Flash 15-20%-ға қымбаттады. Samsung шілде айының соңында екінші тоқсанның қаржылық нәтижелері туралы есеп береді.
Алайда Samsung-тың мобильдік бизнестен түсетін табысы 2,2 трлн вонға дейін кемуі ықтимал, бұл бір жыл бұрынғы 3 трлн воннан әлдеқайда төмен. Оған жабдықтау бөлшектері мен маркетингке қатысты шығындардың көбеюі әсер етуі мүмкін. 2023 жылдың бірінші тоқсанында Samsung Apple-ді басып озып, смартфон жеткізуден басты орынға шыққан болатын. Халықаралық деректер корпорациясының (IDC) мәліметтері бойынша, қаңтар-наурыз айларында кореялық компанияның жылдық сатылымы 0,7% – ға азайған, ал Apple сатылымы 9,6%-ға кеміді.
Акция жайы
Бейсенбіде Samsung акциялары Сеулдегі саудада 3,4%-ға қымбаттады. Биылғы қаңтарда Samsung жасанды интеллект қызметі бар S24 премиум смартфондарының жаңа буынын шығарды. Соның арқасында Оңтүстік Корея алпауытының бағасы тағы 6,3%-ға көтерілген болатын.
FactSet мәліметтері бойынша, Samsung акцияларының орташа мақсатты бағасы – бір қағаз үшін 105,9 мың вон ( 76,7 доллар). Бұл ағымдағы биржа бағасынан төрттен бірге жоғары. Компания қағаздарын бақылап отырған 41 талдаушының 36-сы оның акцияларын сатып алуға кеңес береді, қалған бесеуі портфельде сақтай тұруды ұсынады.
Контекст
Азиядағы қор индекстері АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін күтуге байланысты өсе түсті. MSCI Asia-Pacific индексі екі жылдық ең жоғары деңгейіне көтерілсе, жапониялық Topix рекордтық нәтиже көрсетті. Бірақ Қытайдың қор нарықтары экономикалық ахуалдан қауіптенудің салдарынан біраз кейіндеп қалды.