Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік сауда-саттықтың ресми сайтын бекітті. Енді E-qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне ресми қол жеткізу порталы болады. Бұл өзгеріс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау шеңберінде енгізілді.
Аудиторлық палата сауда-саттық туралы ақпараттың жалғыз көзі gosreestr.kz веб-порталы емес, пайдаланушылар автоматты түрде қайта бағытталатын e-qazyna.kz екендігін атап өтті.
«Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігіне мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы туралы мәліметтерді өзектендіру шараларын қабылдау тапсырылды. Бүгінгі күні Мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес e-qazyna.kz веб-порталы тізілім деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынады», – деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.
Жоғары аудиторлық палата атап өткендей, gosreestr.kz порталының анықтығы туралы мәлімет ҚР Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің сайтында жоқ. Сайттың ашықтығына қатысты әлеуетті қатысушылар тарапынан күмән туындағандықтан, көпшілігі оны пайдаланудан бас тартқан.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан Үкіметі мемлекеттік активтерді сату ережесін өзгеретінін жариялаған еді. Нақтырақ айтсақ, «Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Енгізілетін өзгеріске сәйкес, саудаға қатысу үшін төленетін кепілдік жарнаның шекті мөлшері алынып тасталады. Бұған дейін актив құнының кем денде 15 пайызынан максимум 30 мың АЕК-ке (110,7 млн теңге) дейін кепілік жарна құя алатын. Енді аукционға қатысушы актив құнының тек 15 %-ын төлей алады.
Құжатта сатушыларға қатысты өзгерістер де бар. Мемлекеттік компаниялар аукцион туралы ақпаратты әлеуметтік желілерінде орналастырып, хабарламамен бірге тізілімнің веб-порталына сілтеме қосады. Ал хабарламаның өзінде енді мемлекет меншігіндегі бағалы қағаздарды сату туралы ақпаратты ашу қажет.
Үкімет биылдан бастап Парламентке мемлекеттік активтерге қатысты ұлттық баяндама ұсынатын болады. Құжат мемлекеттік активтердің жай-күйі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі, мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстарды қамтиды.