2024 жылғы UBS Global Wealth Report есебіне сәйкес алдағы бес жылда бүкіл әлем бойынша доллары көп миллионерлер саны артады. Бай адамдарының саны айтарлықтай арта түсетін бес елдің елдің ішінде Қазақстан да бар.
UBS Global Wealth Report болжамына сәйкес, 2023-2028 жылдар аралығында дамыған және дамушы 56 елдің 52-сінде долларлы миллионерлер саны артады. Ауқаттылар саны артатын елдер қатарында Тайвань көш бастайды. Бұл елде чип индустриясының қарқынды дамуы және ауқатты шетелдіктердің иммиграциясы аймақтағы миллионерлер санының 47%-ға артуына жол ашады.
Тап осы аралықта Түркиядағы миллионерлер саны 43 пайызға көбейеді деп күтілуде. Миллионерлер санының артуы экономиканың әртүрлі салаларының дамуы мен инвесторларды тарту есебінен жүзеге асады.
Ал Қазақстанда миллионерлер саны шетелдік инвестицияның ұлғаюы және энергетика саласының дамуы есебінен артпақ. Солайша алдағы бес жылда елдегі миллионерлер саны 37%-ға артады деп болжанып отыр.
Одан кейін Индонезияда миллионерлер көбеймек. Бұл елде байлар саны 32%-ға артады деген болжам бар. Оған тұрақты экономикалық өсу мен инфрақұрылымның дамуы әсер етеді.
Жапонияда бұл көрсеткіш 28%-ды құрайды. Бұл көрсетікш технологиялық инновациялар мен тұрақты экономика есебінен көтеріледі.
Ал миллионерлері көп алпауыт елдер АҚШ пен материктік Қытайда миллионерлер саны 16% және 8%-ға өседі.
Көптеген елде миллионерлер саны артса, кей елдерде, керісінше, бұл көрсеткіш төмендейді деп болжанып отыр. Соның ішінде Ұлыбританияда миллионерлер күрт азаюы мүмкін. UBS Global Wealth Report есебінде бұл елде долларлық миллионерлер саны 17 пайызға кемитіні жазылған. Сарапшылар пікірінше, бұған елден капиталдың ағылуы себеп болады. Ал капитал ағынына мынадай факторлары әсер етеді.
- Ресейге қарсы санкциялар: Ұлыбританияның санкциялары Лондонда активтерін сақтайтын бай ресейліктерге әсер еткен.
- Миллионерлердің эмиграциясы: шетелдік миллионерлер Дубай және Сингапур сияқты салығы төмен елдерге көше бастайды.
Ұлыбританиямен бірге Нидерланды елінде де долларлық миллионерлердің саны азаяды деп болжанып отыр. Бұл елде байлардың саны 4%-ға азаюы мүмкін.
Қазақстанның ең бай адамдары кім?
Айта кетейік, сәуірде Америкалық Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың рейтингін жариялады. Бұл тізімге алты қазақстандық кірді.
Тізімде 511-орында Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы – Вячеслав Ким тұр. Оның активтері 5,8 млрд долларға бағаланған.
Одан кейін 612-орын Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиген . Олардың әрқайсысының байлығы 5 млрд долларды құрайды.
Ал 896-орын бұған дейін елдегі ең ауқатты адам саналып келген Владимир Кимге бұйырған. Кәсіпкер «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің негізгі иесі. Forbes дерегінше
оның байлығы 3,6 млрд долларды құрайды.
Ең бақуатты қазақстандықтардың қатарында 36 жастағы Тимур Турлов бар. Forbes журналының нақты уақыт режиміндегі миллиардерлер рейтингінде ол 3,3 млрд доллар байлығымен 991-орында тұр. Бизнесмен Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қалаушы және негізгі иесі.
Ең бай қазақстандықтар тізімін 1238-орында тұрған Болат Өтемұратов қорытындылады. Журнал оның байлығын 2,7 млрд долларға бағалады. Ол «ForteBank» АҚ 89,32% акциясына ие. Бұдан басқа қонақүйлер желісі, фаст-фуд желісі сынды активтері бар.