Жаңалықтар

«Әділетсіз шешім шығарды» деген желеумен судьяны ұрлаған: полиция күдіктіні іздестіріп жатыр

Астана қалалық сотының судьясын ұрлаған күдікті іздестіріліп жатыр / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астана полиция департаменті судьяны ұрлау туралы тергеуді бастады. Бұл туралы елорда полиция департаменті хабарлады. Бұған дейін журналист Михаил Козачков белгісіз адам судья Айдос Ордабаевты ұрлап әкетіп, 300 мың теңгеге несие алуға мәжбүрлеп, сот актісін жоймаса, өлтіремін деп қорқытқаны туралы жазған.

«Астана қаласының полиция департаменті Астана қаласының тұрғынын бопсалау және ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», – делінген полиция хабарламасында. 

Полиция жәбірленушінің аты-жөні мен лауазымы туралы ақпарат берген жоқ.

12 шілдеде журналист Михаил Козачков Facebook парақшасында полиция Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Айдос Ордабаевты ұрлап әкеткен және одан ақша бопсалаған адамға іздеу салғанын жазған.

Журналистің сөзінше, белгісіз адам автотұрақта судьяға жақындап, қарумен қорқытып, көлікке отыруға және қаладан тыс жерге шығуға мәжбүрлеген. Ер адам судьяның қол-аяғын байлап, сапар барысында судьяның жеке деректерін білетінін айтып, 30 мың доллардан 100 мың долларға дейін ақша бопсалауға тырысқан. Себеп ретінде судьяның үкімі ұрылардың бірінің «материалдық жағдайына әсер еткенін» айтқан.

Судья 300 мың теңгеге несие ресімдеп, оны бопсалаушыларға берген. Тағы 12 млн теңге төлемесе, сот актісінің күшін жоймаса, күдікті оны өлтіремін деп қорқытып, босатып жіберген.

Сәуірде экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған судья Айжан Құлбаеваны қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқыту хабарламалары келіп түскен.