Димаш Құдайбергеннің 13 қыркүйек күні Астанада өтетін концертіне билеттер сатылымға шықты. Бұл туралы әнші өзінің Istagram парақшасында жариялады.
«Құрметті достар! Ticketon.kz билет операторының сайтында STRANGER атты жеке концертімнің сатылымы басталды. Шоу 13-қыркүйекте Астана Арена стадионында өтеді», – делінген жазбада.
Таңдалған орындарға байланысты билет кұны 10 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін бағаланып отыр. Ал сахна алдында құрылатын фан-аймағына билеттер 15 мың теңгеден сатылып отыр. Концерт өтетін Астана Арена стадионына 30 мыңға жуық жанкүйер сыяды.
Әлемге әйгілі әншінің кеші 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылып жатыр.
Бұған дейін Димаш Қазақстанда өнер орталығын ашып, жас таланттарды әлемдік сахнаға дайындайтынын айтқан.
Димаш жас таланттарды мүмкіндігінше әлемдік деңгейдегі продюсерлермен таныстырып, өнердегі жолын қалыптастыруға еңбек сіңіргісі келеді. Бұл туралы ол Алматыда өткен New Vision форумы аясында мәлімдеген.
«Жоспарларды дәл осы уақытта деп айтпай-ақ қояйын. «Арық айтып, семіз шық» дейді қазақта. Жаңалықтар болатын болса, оны міндетті түрде әлеуметтік желілерде немесе басқа жолдар арқылы халықпен бөлісетін боламын», – деді ол.