Жаңалықтар

Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге ауыстырылды

Фото: Жоғарғы сот

Азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге жіберілді.

«Сотталған адам сот үкіміне сәйкес қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге жіберілді», – делінген Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарламасында. 

Сонымен қатар қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабына сәйкес сотталғандар тіркеуге сәйкес жазасын өтеу орындарына жіберілетінін хабарланған.

Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтыны ескертілген.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды. Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуымен ашық режимде қарауды сұрады

Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды. 13 мамырда экс-министр марқұмды өлтіргені және қинау әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, 24 жылға сотталған. Ал оның туысы Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

26 маусымда Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.