ЭКСПО, «Отбасы банк» пен «Достық-Мойынты» темір жолы: Ұлттық қордан 3,5 трлн теңге облигациялық қарыз не үшін берілді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық қордан алынған қарыз қандай бағдарламаларға жұмсалды / Фото: shutterstock.com

Ұлттық қордың 3,5 трлн теңге қаржысы облигациялық қарыз ретінде берілген. Қаржы министрлігінің есебіне сәйкес, сол қарыздың 453 млрд теңгесі қайтарылған. Қазіргі кезде 3,09 трлн теңгесі облигациялық қарыз ретінде есепте тұр.

Ұлттық қор активтерін басқаратын Ұлттық банк облигациялық қарызды түрлі жобаларға берген. Олардың қатарында тұрғын үймен қамтудан бастап, «ЭКСПО» нысандарын салу мен темір жол құрылысын қаржыландыру бар.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, облигациялар, ең бірінші, ҚР Үкіметінің, ҚР ҰБ мен ҚҚА-ның экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 – 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру үшін сатып алынған.

Сонымен қатар «өңдеуші өнеркәсіптегі ШОБ жобаларын қаржыландыру және ШОБ-ты мемлекеттік қолдаудың бұрын қабылданған бағдарламаларына қатыспайтын қарыз алушылардың қолданыстағы қарыздарын қайта қаржыландыру, отандық автомобиль өндірушілер, жолаушылар вагондарын өндірушілер үшін лизинг және/немесе қарыз тетігі арқылы қаржыландыру беру, экспорттық және экспорт алдындағы кредит беру» үшін де Ұлттық қордан қарыз алынған.

2015-2019 жылдарға арналған ИИДМБ жобалары да Ұлттық қордан алынған қарызбен іске асырылды.

Сондай-ақ Ұлттық қор «Отбасы банктің» салымшыларына кредит беру үшін де қарыз берген. Қаржы министрлігінің есебінде:

«халықтың әлеуметтік осал топтары мен мемлекеттік қызметшілерге кейіннен уақытша тұру үшін тұрғын үй салу және сатып алу, кредиттік тұрғын үйді сатып алу үшін «Отбасы банкі» АҚ салымшыларына кредит беру», – деп көрсетілген.

Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында жылжымайтын мүлік объектілері мен СОО құрылысы да Ұлттық қордан алынған қарыз есебінен қаржыландырылды.

Қаржыминнің есебінде бұл бағдарламалардың әрқайсысына қанша қаржы, қандай шарттармен берілгені нақтыланбаған.

2022 жылы Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып, 162,8 млрд теңгеге «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын сатып алған. Бұл қаражат Достық-Мойынты учаскесінің екінші жолын салу үшін ҚТЖ-ға несие беруге жұмсалды. 2023 жылы Ұлттық банк тағы да «Самұрық-Қазынаның» облигацияларын 173,7 млрд теңгеге сатып алды. Бұл қаржы да темір жол желісі құрылысына құйылды.

Ұлттық банктің Ұлттық қор валюталық активтерін басқару есебінде, қордың жинақ портфелінің 10 пайызы корпоративтік облигацияларға салынғаны жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз