Jusan Bank-тің негізгі акционерінің кірісі 10,6%-ға артты
Jusan Bank-тің 77,86% үлесіне иелік ететін First Heartland Securities брокерлік компаниясы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 84,4 млрд теңге пайда тапты.
Бұл өткен жылдың қаңтар-маусым айларындағы нәтижеден 10,6% жоғары. Бұған Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған деректер дәлел.
Компанияның алты айдағы таза табысы 117,9 млрд теңгені (бір жыл бұрынғы 144,6 млрд теңгемен салыстырғанда), таза комиссиялық кірісі – 11,2 млрд теңгені (2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 9,2 млрд теңгемен салыстырғанда) құрады.
Сонымен қатар First Heartland Securities сақтандыру қызметінен 194 млн теңге табыс тапты.
Компанияның активтері 30 маусымдағы жағдай бойынша 3,4 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басындағы деңгейден 9,3%-ға жоғары, міндеттемелері – 2,6 трлн теңге (өсім 8%), капиталы – 878,3 млн теңгеге (өсім 13,3%) жетті.
Айта кететіні, First Heartland Securities компаниясы Jusan Bank-тің 77,86% акциясына иелік етеді. Оның жалғыз акционері – кәсіпкер Ғалымжан Есенов. Ол Jusan Bank-тің тағы 19,67%-ына тікелей иелік етеді. Ол өткен жазда Алматы прокуратурасының Jusan Bank-ті Қазақстан юрисдикциясына қайтаруын талап еткен сот процесінен кейін британдық Jusan Technologies компаниясынан First Heartland Securities-тің 100% үлесін алған.
Компанияның веб-сайтында қаржы ұйымы брокерлік қызмет көрсетіп, корпоративтік облигацияларды орналастырады және қаржылық кеңес береді деп көрсетілген.
Бұған дейін Jusan Bank-тің басқарма төрағасы ауысты. Арман Мангитовтың орнына төрағаның міндетін атқарушы болып Алан Жабаев тағайындалды.