Алматыда «Graff» тұрғын үй кешені сүріліп жатыр. Бұл жайлы Алматы қаласының сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев хабарлады.
Сот шешімімен бұзылып жатқан тұрғын үй кешені Ерменсай ш/а, 7, 7 / 71 учаскесінде орналасқан. Нысан үш жер телімінде тиісті рұқсат құжатынсыз салынған.
2023 жылдың 20-шы қаңтарында басқарма тапсырыс берушіге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама бере отырып, әкімшілік шаралар қабылдаған. Ал кейін Бостандық аудандық сотына ғимаратты бұзу туралы арызбен жүгінген.
«Былтыр 24 шілдеде аудандық соттың шешімімен басқарманың заңсыз құрылысты бұзу туралы талап арызы қанағаттандырылды. 2023 жылдың 19 қазанында апелляциялық сот бірінші сатылы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды»,- деп хабарлайды әкімдік.
Солайша бұл тұрғын үй кешені осы жылдың 29 шілдесінде Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен бұзыла бастаған.
«Алматы әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында былтыр жыл басынан бері 40 заңсыз нысан, оның ішінде «Мечта», «KHAN», «Алма Гарден» ТҮК және т.б. толық немесе жартылай бұзылды»,- дейді Қырықбаев.
Осы орайда «Курсив» Алматы қаласы әкімдігіне қаладағы ғимараттардың бұзылуына қатысты сауал жолдаған болатын. Әсіресе, осы жылдың басынан бері көп ғимарат бұзылған екен. Әкімдік хабарлауынша, жоғарыда аталған 40 нысанның 22-сі өткен жылы бұзылған. Ал жыл басынан бері 18 заңсыз салынған нысанды бұзу туралы шешім шыққан. Небары жарты жылда бұзылған нысандар, өткен бір жылдың көрсеткіштеріне жуықтаған.
Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, құрылыс салуға рұқсат беру құжаттарының толық пакеті жоқ ғимараттар сүріледі. Тиісті мекемелерден рұқсат алмастан, өз бетінше салынған құрылыстың мәртебесін сот анықтап, заңсыз деп тапса, бұзу туралы шешім шығарады.
«Курсив» бұзу жұмыстарына қанша қаражат қарастырылғаны жөнінде де сұрады. Әкімдік ғимараттарды бұзуға кететін шығынды заңсыз салынған мүлік иесі көтеретінін мәлімдеді.
«Өз бетiмен салынған құрылыс, ҚР АК 244 бабының 3 және 4-тармақтарында көзделгеннен басқа реттерде, оны жүзеге асырған адамның есебiнен бұзылуға тиiс»,- делінген басқарма жауабында.
Сонымен бірге әкімдік жақында сатып алуға рұқсат етілмейтін тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялады. Біз олардың мәселесі қалай шешілетіні жөнінде сұрадық.
«Бұл тізімге құрылысы жүргізіліп жатқан рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ тұрғын үй құрылысы объектілері ғана емес, сонымен қатар құрылысы әлі басталмаған объектілер де кіреді. Мұндай нысандар интернет-ресурстардың мониторингі және қала тұрғындарының анықтамалық басқару каналына өтініштері нәтижесінде анықталады. Сот талқылаулары жүргізілетін объектілердің одан арғы тағдыры сот шешімімен айқындалады»,- деп жауап берді басқарма.
Әкімдік сақалды яғни қалада бірталай жылдан бері аяқталмай тұрған құрылыс нысандарына қатысты да жауап берді. Басқарма мәліметінше бүгінде қалада 18 уақытша тоқтап тұрған нысан бар. Оның ішінде 14 объект бойынша техникалық тексеруге және ұсынымдарды орындауға нұсқамалар берілген. Біреуін тексеру туралы шешім қабылданған. Ал екі сақалды нысанды бұзу туралы сот шешімі шыққан. Тағы 1 нысан қала балансына көшірілген.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың желтоқсанында сот шешімімен 41 нысан бұзылатыны хабарланды. Жалпы Алматы қаласының соттары құрылыс нормасының заңдылығын бұзуға қатысты әкімдіктің 86 талап арызын қараған. Соның 41-не қатысты сүру туралы шешім шыққан. Ал 45 нысанды бұзуға қатысты сот талқылауы жүріп жатқаны айтылған.
Ал 13 маусымда Алматыда алма бақтарының орнына салынған тау бөктеріндегі таунхаус сүрілсе, 18 маусымда одан бөлек тау бөктеріне салынған үш бірдей заңсыз ғимарат бұзылғаны хабарланды. Жалпы, Алматыдағы тау бөктерінде 54 құрылыс заңсыз салынғаны анықталған еді.