Almaty Animation Festival-2024 жеңімпаздары белгілі болды

Жарияланды 30 Шілде 2024 19:03

(жаңартылды 31 Шілде 2024 20:44)
Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Almaty Animation Festival-2024 жеңімпаздары белгілі болды / Фото: Фестиваль ұйымдастырушылары

Алматыда 28 шілдеде Bunker арт-кеңістігінде үш күндік халықаралық Almaty Animation Festival анимация фестивалінің жабылу салтанаты өтіп, байқау бағдарламасының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздар қатарында қазақстандық қатысушы да бар. 

Фестивальдің үш күнінде көрермен мен қатысушылар түрлі номинация бойынша байқауға түскен 80 үздік анимациялық фильмді тамашалады.

Ұзаққа созылған қызу талқылаудан кейін қазылар алқасы ең үздік деп мына туындыларды таңдады: 

  • Үздік эскпериментал анимациялық фильм:
    «Simple Forms» — Наталия Рысс, Израиль
  • Орталық Азия мен ТМД елдері арасындағы үздік анимациялық фильм:
    «Syppyt suruktar» — Кыhынны Ойуур, РФ, Саха Республикасы
  • Үздік анимациялық деректі фильм:
    «The Waiting» — Вокер Шлехт, Германия
  • Үздік халықаралық анимациялық фильм:
    «The Three Sisters» — Тимур Когнов, Кипр Республикасы
  • Студенттер арасындағы үздік анимациялық фильм
    «Chosen’t» — Йотам Горен, Израиль
  • Үздік анимациялық музыкалық бейнеклип: 
    «Ninety One – Synbaim» — Амаль Темербаев, Қазақстан
Фото: Айшолпан Керім

Байқау бағдарламасындағы негізгі жеңімпаздардан бөлек, қазылар алқасының арнайы жүлдесі де екі туындыға табысталды. Арнайы жүлдеге өзбекстандық Асхат Урманов «SHITV.Spy» анимациялық фильмімен және Польшадан «Wait for me in a dream» туындысымен қатысқан Наталья Дуршевич ие болды. 

Арнайы сыйлық табыс еткен қазылар алқасының төрағасы Рашид Агамалиев бұл қазылар алқасы үшін ең қиын шешім болғанын атап өтті. Мысалы, «Wait for me in a dream» фильмі қазылар алқасының үш мүшесіне қатты әсер етсе, ал біреуі бейтарап қалған. 

Қазылар алқасының құрамында ANIMAFILM халықаралық фестивалінің директоры Рашид Агамалиевтен басқа, қазақстандық Animania фестивалінің негізін қалаушы және директоры Алмаз Қособаев, Бішкектен Toondook анимациялық студиясының негізін қалаушы Чингиз Асаналиев  және мәскеулік танымал суретші-қоюшы Анна Попова болды. 

«Байқау бағдарламасындағы көптеген фильм біздің заманымыздың абсурд жағдайын көрсеткен. Расында да, біз өмір сүріп жатқан уақыт өте қиын және көп жағынан абсурд», – деді Рашид Агамалиев.

«Үздік анимациялық музыкалық бейнеклип» номинациясының жеңімпазы қазақстандық stop-motion әртісі Амал Темербаев болды. Ол байқау бағдарламасында әйгілі Ninety One бойздбендінің «Synbaim» әніне жасалған анимациялық видеосын ұсынған. 

Фото: Айшолпан Керім

«Шынымды айтсам, бүгінгі бағдарламада жүлде аламын деп ойламадым. Жұмысымның осындай шарада көрсетіліп, оны көрермендер көріп жатқанының өзі мен үшін үлкен жеңіс. Қатысушылардың жұмысы өте керемет деңгейде. Бәрін көріп болғанда, маған орын жоқ деп ойладым, өйткені Германия, АҚШ, Жапониядан қатысушылар болды. Сондықтан мен үшін бұл тосын сый болды», – деді Амал Темербаев өз әсерін жеткізіп. 

Байқау бағдарламасынан бөлек, үш күні бойы көрермендер фестиваль аясында анимация саласының кәсіби мамандары өткізген түрлі шеберлік сабақтары мен дәрістеріне қатыса алды. 

«Бұл шынымен де мен барған ең керемет анимациялық фестивальдердің бірі болды. Мен де фестивальдер ұйымдастырып тұрамын және мұндай шараларды ұйымдастыру қаншалықты қиын екенін білемін, сондықтан ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді», — деді Рашид Агамалиев.

Фестивальге деген жоғары қызығушылықты шеберлік сабақтары мен байқауға түскен фильмдерді көруге келген қатысушылардың көптігі дәлелдейді. Үш күн бойы әр іс-шарада ине шаншыр жер болмады. Биыл ұйымдастырушылар фестиваль аясын кеңейтеміз деген мақсат қойған. 

«Бұрын аудиториямыздың басым бөлігі аниматорлар мен осы салада оқитын студенттер болса, биыл біз басқа да мамандықтардың өкілдерін көре алғанымызға қуаныштымыз. Бұл өте маңызды, себебі заманауи анимация аниматорлардың шағын тобы ғана емес, кең қауымдастықты қамтитынымен маңызды. Мұны қала процесінің бір бөлігі ету маңызды», – деді Алматы анимация фестивалінің директоры Анита Черных.

Еске сала кетсек, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен 26 ​​шілде мен 28 шілде аралығында Алматыда екінші рет халықаралық Almaty animation festival өтті. 

Биыл бізге 52 елден 250-ден астам жоба келіп түсті, оның ішінен конкурс бағдарламасына 80 мультфильм іріктеуден өтті. 

Бұған дейін анимациялық байқау Baiqonur халықаралық кинофестивалі аясында өткізіліп, қатысушылар санының артуына және көрермендердің кеңеюіне байланысты жоба авторлары 2023 жылдан бастап оны жеке фестиваль етуді ұйғарды. Содан бері Almaty animation festival сәтті жүзеге асырылып келеді. 

Фестиваль мақсаттарының бірі – жергілікті авторларға өз жұмыстарын кеңірек аудиторияға және халықаралық қазылар алқасына көрсетуге мүмкіндік беретін алаң ұсыну.

Сондай-ақ оқыңыз