Қарттар туралы нақылдардың бәріне сене бермеңіздер

Жарияланды 1 Қазан 2026 17:41

Ерлан Ысқақов

Ерлан Ысқақов

Аға журналист ye.iskakov@kursiv.media
Kursiv.media коллажы / Фото: threads.com/@auezovtheatre.official, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бүгін қарттар күніне орай әлеуметтік желілерде күрт көбейіп кеткен сан алуан қанатты сөздерді байқап оқыңыздар, оларға сын көзбен қараңыздар деуге тура келеді. Kursiv.Media-ның осы тақырыптағы бұрынғы бір материалындағы «Абай айтпаған нақылдар қаптап жүр, айналаңа көз салсаң» деген тұжырымын тағы бір рет еске сала кеткен орынды болып тұр.

Халықаралық қарттар күнін атап өтіп жатқан түрлі онлайн-ресурстардың арасында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының Threads желісіндегі парақшасына көзіміз түсті. Аккаунт иесі бүгін онда қазақтың, шетелдің көрнекті тұлғаларының, ойшылдарының жастар, қарттар туралы таңдамалы нақылдарын тізіп беріпті.

Посмотреть в Threads

Ішінде «Әлемді жастар билейді – қартайғанда» деген де цитата бар. Авторы — Абай Құнанбайұлы деп көрсетілген.

Фото: threads.com/@auezovtheatre.official, бильд-редактор: Дастан Шанай

Ақынның академиялық толық шығармалар жинағын шолып қарап едік, дәл осындай цитатаны таппадық.

Интернетте теріп іздесеңіз, бұл нақыл – әйгілі жазушы, драматург Бернард Шоудікі деген қазақша, орысша дереккөздер жетіп артылады. Алайда түпнұсқа тілде (ағылшынша), дәл осындай сөзді Шоу айтты дегенді растайтын мәлімет табылмады. Бұл уақыт өте келе түрленіп, бізге өзгеріп жеткен сөз болса керек.

Анығы, Абай дәл осылай айтты дегенге сену қиын. Ұлы ақын осыған ұқсас, яғни бізді жастар билейді деген ойды айтпады емес, айтты, бірақ ол ойдың контексі, мәні басқа – жастар ақылы толысқаннан емес, албырт көңілдің жетегінде кеткеннен ел билеуге ұмтылар дейді, бірінші қара сөзінен:

«Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!»

Қалың жұрт тани бермейтін авторлар болса бір сәрі, мұндайда ойдан шығарған, шатастырған нақылдарды көпшілік білетін көрнекті тұлғалардың айтқандары деп бере салатыны қынжылтады.

Сондай-ақ оқыңыз