Грузия халқының жаппай наразылығына тап болған «шетелдік агенттер» туралы заң 1 тамызда бастап ресми түрде күшіне енді.
DW ақпаратына сүйенсек, «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң шетелден қаражаттың кемінде 20%-ын алатын ұйымдарды билік органдарында тіркеуді талап етеді.
Бұл тізімге бірінші кезекте Бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарды кіргізу көзделген. Олар өз бюджетінің кемінде 20%-ын шетелдік компаниялардан немесе қорлардан, жеке тұлғалардан алатын болса, тізімге өздігімен тіркелуі қажет.
Заңның күші қолданылатын ұйымдар жыл сайын Әділет министрлігіне кірістер мен шығыстар туралы декларация беруге міндетті. Бұл талаптардан жалтару 25 мың лари (шамамен 4 млн теңге) айыппұл төлеуге алып келеді.
Еуропалық Одақ елдерінің басшылары Грузияның одаққа кіру процесін іс жүзінде тоқтатты. Басты себеп елде қабылданған «шетелдік агенттер» туралы заң болған.
Грузия 2023 жылдың желтоқсанында Еуропалық Одаққа кіруге үміткер ел мәртебесін алған. 23 маусымда Еуропалық Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Джозеп Боррел Еуроодақ бұл мәртебені алып тастауды қарастыруы мүмкін екендігін айтқан.
Грузия парламентінің құқықтық мәселелер жөніндегі комитеті «шетелдік агенттер» туралы заңды мақұлдағаннан кейін наразылық акцияларында полициямен қақтығыс болып, ондаған адам ұсталған. Грузия президенті Саломе Зурабишвили заңға вето қойып, Конституциялық сотқа жүгінген.
Дәл осындай заңды Қырғызстан да қабылдады. Энтони Блинкен Қырғызстан тарапына да бұл заңға қатысты алаңдаушылық білдіретінін жеткізген еді. Алайда Қырғыз президенті Садыр Жапаров Блинкеннен Қырғызстанның ішкі істеріне араласпауды сұрады. Жапаров заң жобасын Қырғыз мемлекеті осы коммерциялық емес ұйымдарға қаржының қайдан келетінін, қалай, қандай мақсаттарға жұмсалатынын бақылау мақсатында әзірлегенін айтты.