«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орында 6 ай бойы жанған өрт кезінде экологияға келтірген залалы үшін мемлекеттік инспекция «Бозашы Мұнай» компаниясын сотқа берген. Істі Алматы экономикалық соты қарап жатыр.
«ҚР Энергетика министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның Батыс өңіраралық Басқармасы» түсірген шағымды сот 19 маусымда өндіріске алған. Мемлекеттік инспекция мұнай компаниясынан «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт пен метанның бөлінуінен келген шығынды өндіріп алуды талап етеді. BES.media сайтының жазуынша, шенеуніктер мұнай компаниясынан 2,2 миллиард теңге өндіріп алуға мүдделі.
Сотта талапкердің өкілі «Жер қойнауы туралы» кодекске сәйкес, бүкіл мұнай-газ барлау жұмысы қауіпсіз және апатсыз жүргізілуі тиіс екенін атап өткен. Осы заңның 79-бабына сәйкес, залал келтірген «Бозашы Мұнай» компаниясы оны өтеуге міндетті дейді.
Келтірілген шығын көлемін Энергетика министрлігінің мемлекеттік инспекциясы прокуратура көрсеткен цифрлар негізінде анықтаған: тәулігіне 60 мың текше метр. Бұл шығын көлемі бекітілген нормадан асып түскен. Бұған дейінгі істе осы шығын көлемі көрсетіліп, экологиялық залал 361 млн теңгеге бағаланған. Компания заң бұзғанын мойындап, әкімшілік айыппұлды төлеген.
Енді мемлекеттік инспекция экологиялық залалдан бөлек, сөнділімеген өрт салдарынан 6 ай бойы жанған газдың шығынын өндіріп алмақ. Өрт уақытында сөндірілсе, метан бекер жанбай, Маңғыстау облысы тұрғындарының игілігіне жұмсалар еді.
Алайда мұнай компаниясының өкілдері мұндай сомамен келіспейді. Осы кезеңде жағылған газ құны 2,2 млрд теңге емес, ары кетсе 219 млн теңге болатынын айтады.
«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнындағы өрт
2023 жылғы 9 маусымда Маңғыстау облыстық ТЖД «Бозашы Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында өрт болып жатқаны туралы хабар таратты.
3 тамызда Батыс ғалымдары Қазақстанда шектен тыс метан ағып жатқанын жариялап, дабыл қақты. Француздық Кayrros SAS геоаналитикалық компаниясы спутниктер бір айда Қазақстан аймағынан 9 рет метан бұлтын байқағандарын, кен орнынан шығатын шығарындылардың жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тонна метанды құрап жатқанын жариялады.
Бұл деректі Нидерланды ғарыштық зерттеулер институтының SRON ғалымдары да растады. Ал «Бозашы мұнай» компаниясы жоққа шығарды.
4 тамызда Экология департаменті «Оңтүстік Қаратұрын» кен орындағы өрт тұрғындарға қауіпті емес екенін мәлімдеген. 6 айға созылған өрт 2023 жылғы 26 желтоқсанда сөндірілді. Кен орнындағы апат салдарынан атмосфераға 127 мың тонна метан тарағаны белгілі болды. Ғалымдар ғарыштан түсірілген сурет негізінде осындай мәлімдеме жасады.
2024 жылғы қаңтарда Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талабы бұзылғанын анықтаған. Нәтижесінде компанияға 350 млн теңге айыппұл салынды.
«Бозашы Мұнай» ЖШС иесі кім?
Ресми атауы – «Бузачи нефть» компаниясы 1993 жылғы 22 желтоқсанда тіркелген. Шикі мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания орта кәсіпорын. Алғашқы жетекшісі – Сәуле Асанова. Uchet.kz хабарлағандай, компания 2022 жылы 8,2 млрд теңге салық төлеген. 2023 жылғы 7 тамыздағы жағдай бойынша қазынаға 13,18 млрд теңге аударған. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Мұрат Сафин. Ол MTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
Forbes-Қазақстанның 2013 жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамдары тізімінде 49-орында болған. Оның сол кездегі байлығы 82 млн долларға бағаланған.
Мұрат Сафиннің туған ағасы – Қанатбек Сафинов ҚР Парламенті Сенатының депутаты. Оның өмірбаяны мұнай және энергетика саласымен тығыз байланысты. Өзінің еңбек жолын лауазымды қызметтен бастаған. Кейінгі жылдары мемлекеттік маңызы бар ұлттық компанияларға басшылық еткен. 2019 жылға дейін Қанатбек Сафинов «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша басқарушы директоры болды. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып жұмыс істеді. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, Мұнай және газ министрлігінің, Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы лауазымын атқарды.