Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті боксшы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жекпе-жегінің нәтижесіне қатысты шағым түсірді.
Олимпиада комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, мәселе 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан қазақстандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесіне қатысты болып отыр.
Қазақстан осы жекпе-жек қорытындысын түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit – Халықаралық бокс федерациясының Париждегі өкілдігі ) шағым түсірген.
«Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті де хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті», – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешова.
Сонымен қатар Өтешова өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін атап өтіп, дегенмен ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болу керек екенін баса айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ҰОК қазақстандық боксшылардың жекпе-жегінде төрелік еткен жекелеген төрешілерге қатысты PBU-ға ескерту жасады. Ескерту қабылданып, қазіргі таңда зерттеу жүргізіліп, бірқатар төрешілерге қатысты тергеу басталған.
«Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін», – деп хабарлады ҰОК.
Париждегі Олимпиада ойындарында 2 тамызға дейін Қазақстан қоржынында 1 алтын (Елдос Сметов – дзюдо), 2 қола (Ғұсман Қырғызбаев – дзюдо, Александра Ле мен Ислам Сәтпаев – нысана көздеуден жұптық сайыс) медаль бар.