Париж Олимпиадасының жүлдегерлері елге оралды

Жарияланды 7 Тамыз 2024 12:59

(жаңартылды 7 Тамыз 2024 13:25)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Париж Олимпиадасының жүлдегерлері елге оралды / Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Елге оралған спортшылардың арасында Олимпиаданың қола жүлдегерлері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, күміс медаль алған Нариман Құрбанов болды. БАҚ өкілдері, жақындары мен жанекүйерлері оларды Алматының халықаралық әуежайында салтанатты түрде күтіп алды.

Ислам Сәтпаев пен Александра Ле жеңістен кейінгі ойларымен бөлісті.

«Бұл жүлде маған кездейсоқ келген жоқ. Біз өте жақсы дайындықтан өттік. Психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Енді біздің келесі мақсатымыз – 2027 жылы Америкада өтетін Олимпиада», – деді Ислам.

Александра Ле елді сағынып келгенін атап өтті.

«Бізді осындай жылулықпен күтіп алғандарыңызға қуаныштымыз. Отанымызды сағынып қалдық. Өз еліңде жеңісің ерекше сезіледі. Біз көптен күткен нысана көздеуден жүлделі болғанымызды тек бір күннен кейін түсіндік. Сондай-ақ қазақстандықтар тек қана мықты емес, әрі мерген екенімізді әлемге дәлелдедік», – деді Ле.

Айта кетейік, Париж-2024 Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде алып келген Ислам Сәтпаев пен Александра Ле 27 шілдеде пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алған.

Сонымен қатар мергеншілермен бірге келген Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге ие болды.

Олимпиадада жүлделі болған Александра Ле мен Ислам Сәтпаевқа қола медаль үшін 75 мың доллар сыйақы берілсе, күміс үшін 150 мың доллар сыйақы беріледі.

Бұған дейін, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдошылар елге оралғаны туралы жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, Париж Олимпиадасы 11 тамыз күні аяқталады. Қазақстан қоржынында әзірге 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлде бар. Олимпиада ойындары аяқталғанша қоржынға тағы жүлде алып келе алатын спортшылар туралы жазғанбыз.  

Сондай-ақ оқыңыз