Жаңалықтар

«Ескене-Құрық» мұнай құбыры салынуы мүмкін: Транскаспий жүйесі Каспий Құбыр консорциумына балама бола ала ма?

«Ескене – Құрық» мұнай құбыры жобасы қайта жандана ма / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан мұнай тасымалы бағытын әртараптандыруға ұмтылып жатыр. Өйткені ел үкіметі қазақ мұнайының басым бөлігін шетелге тасымалдайтын Каспий Құбыр Консорциумына ғана иек артуға болмайтынын түсінген.

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында сонау 2007 жылы қолға алынып, кейін жүзеге аспай қалған «Ескене -Құрық» мұнай тасымалы бағытын дамытуға басымдық берілетіні жазылған.

«Негізгі қосымша экспорттық бағыт – Каспий арқылы өтетін орта халықаралық көлік дәлізі. Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы жүйесі бойынша мұнайды тасымалдау тоқтатылған жағдайда Атырау – Самара және Қазақстан – Қытай мұнай құбырларының бос қуаттары іске қосылуы мүмкін», – делінген.

Сол үшін Үкімет «Ескене – Құрық» мұнай құбырын дамытпақ. Каспий теңізінің Қазақстан және Әзербайжан жағалауларындағы теңіз терминалдарын, сондай-ақ Транскаспий тасымалын жылына 20 млн тоннаға дейін және одан да көп ұлғайту үшін арнайы ірі тонналы танкер флоты салынады. Сонымен қатар Ақтау портының қолданыстағы қуаттылығы шегінде (жылына 7 млн тоннаға дейін) Транскаспий мұнайын тасымалдауды ұлғайту жоспарланған.

Биылдан бастап Атасу – Алашанькоу мұнай құбырымен экспортталатын мұнай көлемі жылына 2 млн тоннаға жетеді.

«Жеткізілімдер одан әрі ұлғайтылған кезде Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының өткізу қабілетін кеңейту қажеттігін қарастыру қажет болады», – делінген жобада.

«Ескене-Құрық» қандай бағыт?

«Ескене-Құрық» мұнай бағытын құру бастамасы 2007 жылы көтерілген. Бұл құбыр арқылы Қашағаннан шығатын мұнай тасымалдануы тиіс еді. Құбырды «ҚазМұнайГаз» компаниясы салады деп жоспарланған.

Сол кезде «ҚазМұнайГаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы, халықаралық Adgip KCO консорциумы мен «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны (ТШО) «Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесін» (ҚКСТ) құруға келіскен.

Ол Каспий теңізінің жағалауындағы Құрық портындағы терминалға мұнай тасымалдауы керек болған. Жоспар бойынша, терминалдағы мұнай одан әрі танкер кемелерімен «Баку-Тбилиси-Жейхан» құбыржолына жеткізілуі тиіс еді. Бұл бағыт арқылы бастапқыда әлемдік нарыққа жылына 25 миллион тонна мұнай тасымалдау жоспарланды. Кейіннен 38 млн тоннаға жетеді деп болжанған. «ҚазМұнайГаз» бұл жобаның жалпы құны 4 млрд долларға жетеді деген.

Алайда құбыр құрылысы бірнеше рет кейінге шегерілді. Былтыр ҚМГ бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметінде осы құбырдың құрылысы қайта қолға алынуы мүмкін екенін мәлімдеген. 2024 жылы Үкімет құбыр салуды экспортты дамытудың басым бағыты ретінде 2029 жылға дейінгі даму жоспарына енгізді.

Қазіргі кезде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы Каспий құбыр консорциумы жүйесі және «ҚазТрансОйл» арқылы Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы Еуропалық Одақ пен Оңтүстік – Шығыс Азия елдеріне жеткізіледі. Ал Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы Қытай және т. б. елдерге экспортқа жөнелтіледі.

2023 жылы Каспий құбыр консорциумы арқылы 63,5 млн тонна мұнай жеткізілген. Соның 56 млн тоннасы Қазақстанға тиесілі. Биылғы жоспар – 65,2 млн тонна.