«BASS Gold» компаниясы Ұлытау өңіріндегі 11 геологиялық блок бойынша қатты пайдалы қазбаларды барлауға лицензия алды. Бұл ақпаратты компания KASE сайтына орналастырды.
«BASS Gold» ЖШС осы жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық барлауға лицензия бергенін хабарлайды», – делінген компания хабарламасында.
Компания Үшшоқы кен орнына жақын орналасқан жаңа 11 геологиялық блокта орналасқан қатты пайдалы қазбалар бойынша барлау жүргізбек.
Геологиялық барлау жүргізілетін аумақтың жалпы ауданы 25,1 шаршы шақырымды құрайды. Компания бұл блоктарда геологиялық барлау жұмыстарын биыл бастауды жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта барлау жоспары әзірленуде. Жоспар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу үшін уәкілетті органға жіберіледі», – делінген компания хабарламасында.
Компания мәліметінше, бұл аумақта 2-4 тоннаға дейін алтын қоры болуы мүмкін. Серіктестік алтын қорына қатысты мәліметтерді KAZRC және JORC стандарттарына сәйкес әзірленген есептер негізінде ұсынатынын хабарлайды.
Бұл лицензия компанияның шикізат базасын жоспарлы түрде кеңейтуге және өндірілетін Доре қорытпасының көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Айта кетсек, «BASS Gold» ЖШС (бұрынғы «Форпост» ЖШС) – асыл металдар нарығында көп жылдық тәжірибесі бар алтын өндіруші компания. Кәсіпорын активтеріне Ұлытау ауданындағы «Үшшоқы» және Алматы облысындағы «Шынасыл-сай» қатты пайдалы қазбалар кен орындары кіреді.
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның жарғылық капиталы 316,3 млн теңгені құрайды. Ал меншікті капиталы 830,7 млн теңге көлемінде.
Сәуірде компания Ұлытау өңіріндегі Үшшоқы кен орнында жаңа алтын өндіру фабрикасын іске қосты. Фабрика кенді өңдеудің толық циклін жүзеге асырып, Доре қорытпасы түріндегі өнім шығарады. Компанияның хабарлауынша, толық өндірістік күшіне енгенде жылына 72 мың тонна кен өңдеп, айына 20,8 келі, жылына 250 келіге жуық алтын өндірмек.
Сонымен бірге компания 10 млн долларға тең облигация шығарған болатын. Облигациялар 12 пайыздық мөлшерлемемен шығарылғаны хабарланды. Шығарылымдағы бір облигацияның номиналды құны – 100 доллар көлемінде бекітілген. Сыйақысы жылына екі рет жарты жылда бір рет төленеді, қосымша сыйақы қарастырылмаған.