Beeline брендімен жұмыс істейтін «Кар-Тел» байланыс операторының 2024 жылдың ІІ тоқсандағы түсімі 19%-ға өскен. Оған елдегі елдегі интернет-трафиктің өсуі себеп болған. Beeline Kazakhstan – халықаралық Veon тобына кіреді.
Байланыс операторының екінші тоқсандағы табысы 100,3 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 18,8%-ға артық. Осы ретте қызмет көрсетуден түскен кіріс 18,9%-ға өсіп, 97,2 млрд теңгені құраған.
«Beeline Қазақстан 2024 жылдың ІІ тоқсанында нарықтағы үлесін арттыруды жалғастырды. Кіріс былтырғымен салыстырғанда шамамен 19%-ға өсті және EBITDA-да 19,5%-ға өсті», – делінген қаржы есебінде.
Beeline компаниясы клиенттерінің 76%-ы 4G интернетін пайдаланады. Multiplay тұтынушылары жыл басынан бері 9,1% өскен. Қазіргі кезде Beeline өзінің 4G пайдаланушылар базасын 13,1%-ға арттырып, 8,7 млн адамға жеткізді.
Компания оң қаржы нәтижесін мобильді деректерді тұтынудың жоғарылауы, сондай-ақ жаңа цифрлық ұсыныстармен байланыстырады.
«Қазақстанда кірістер жергілікті валютамен есептегенде өткен жылмен салыстырғанда 18,8%-ға өсті. Бұған ARPU кеңеюін (+13,7%) қолдайтын мобильді тұтынушы базасының одан әрі кеңеюі (жылдық жылдық +5,7%), 4G пайдаланушыларының өсуі (+13,1%), деректерді пайдаланудың артуы (+8,2%) себеп болды», – делінген қаржы есебінде.
EBITDA көрсеткіші де жыл сайынғы 19,5% өсім байқатқан. Beeline Қазақстанда цифрлық портфолиосын кеңейтуді жалғастырған. IZI, Simply, My Beeline, Hitter және BeeTV сияқты қызметтерді пайдаланғандар саны 3,8 миллионға жуықтады. Бұл былтырға көрсеткішпен салыстырғанда 9,1%-ға артық.
Beeline Қазақстанның IZI қосалқы брендін пайдаланушылардың қатары күрт өсіп, 573 мың абонентке жеткен. Соның ішінде 300 мыңға жуығы IZI SIM-картасын тұрақты түрде пайдаланады.
Мамыр айында VEON Ltd. компаниясы TNS+ провайдеріндегі 49 пайыз үлесін өз серіктесіне сататынын хабарлады. Оны DAR компаниялар тобы сатып алды. Мәміле сомасы 137,5 млн АҚШ долларын құрайды.
VEON – 160 миллионға жуық тұтынушыға конвергентті байланыс пен цифрлық қызмет ұсынатын цифрлық оператор. Veon-ның ең ірі акционері – ресейлік миллиардер Михаил Фридман құрған LetterOne тобы.
LetterOne компания акцияларының 45,5%-ына иелік етеді. Бағалы қағаздардың тағы 33,1%-ы еркін айналымда жүрсе, 7,9% үлесін голландиялық Stichting, 6,3 пайызын Shah Capital Management инвестициялық компаниясы және 7,2%-ын Lingotto Investment Management инвестициялық фирмасы иеленеді.
Компания әлем халқының 7%-дан астамын құрайтын алты елде жұмыс істейді. VEON штаб-пәтері Амстердамда орналасқан және NASDAQ және Euronext тізімінде.