Жаңалықтар

Қырғызстанның тағы бір банкі Ресейден аударым қабылдауды тоқтатты

Қырғызстанның «Керемет» банкі Ресей банктерінен ақша аударымдарын қабылдамайтынын хабарлады / Фото: kursiv.media

Қырғызстанның «Керемет» банкі бірқатар ресейлік банктердің мобильді қосымшалары, сондай-ақ ресейлік ұлттық төлем жүйесінің операторынан ақша аударымдарын жүргізбейді. Бұл жайлы банктің сайтында жазылған.

«Керемет Банк» ААҚ ресейлік «Сбербанк» ПАО, «МТС Банк» ЖАҚ, «Т банк» АҚ (Тинькофф) және Ресей Федерациясының ұлттық төлем жүйесінің операторы «НСПК» АҚ бойынша екі бағытта мобильді қосымшалар арқылы ақша аударымдары белгісіз мерзімге тоқтатылғанын хабарлайды», – делінген сайтта.

Сонымен бірге банк тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін халықаралық аударымдарды Золотая корона, Астрасенд, Western Union, Юнистрим, Ria төлем жүйелері арқылы жүзеге асыруға болатынын мәлімдеген.

Бұдан өзге Қырғызстанның басқа 8 банкі ресейлік ақша аудару жүйелерімен жұмысын шектеген болатын. Бұған АҚШ-тың Мәскеу биржасы мен оның негізгі есеп айырысу құрылымдары – Ұлттық клирингтік орталық пен Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қарсы санкцияларының салқыны тиді.

Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Қырғызстанның ірі банктерінің бірі саналатын «Қырғызстан коммерциялық банкі» (MBank) екі бағыт бойынша ақша аударымдарын жүргізбейтінін хабарлаған болатын. MBank те Ресейдің Сбербанк, Тинкофф және МТС  банктерімен қаржылай транзакцияларды тоқтатқан.

Ал сәуір айында Қырғызстандағы банктер АҚШ санкцияларына ұшыраған ресейлік «Мир» карталарына қызмет көрсетуді тоқтатты. Қырғызстанның Елкарт жергілікті ұлттық төлем жүйесі Мир карталары арқылы төлемдердің тоқтатылатынын хабарлады.

Сонымен бәрге «Мир» карталарын пайдаланудан Қазақстанның «Береке» банкі мен «Фридом Финанс» сынды банктері бас тартқан болатын.

Жалпы Орталық Азия банктері ресейлік компаниялардың ақша аударымдарын өткізуден жиі бас тарта бастаған. Шілде айында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы банктер арқылы төлем жасаудан бас тартқан жайттардың үлесі 30%-ға дейін өскен.

Қытай банктерінің 98%-ы Ресейден төлем қабылдаудан бас тартқан. Ресей кәсіпкерлері қытайлық банктердің мамыр-маусым айларына дейін төлем қабылдап келгенін айтады. Ал 20 шілдеден бастап қаржылай транзакция жүргізу қиындаған.