Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан трансферттер көлемін 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғайтпақ
2025 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер көлемі 5,25 трлн теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланған «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында жазылған.
Республикалық бюджет кірістері – 21,4 трлн теңге, оның 15,2 трлн теңгесі салықтық түсімдер, 435 млрд теңгесі салықтық емес түсімдер, 5,8 трлн теңге трансферттік түсімдер (оның ішінде 504,2 млрд теңге өңірлерден бюджеттік түсімдер).
«2025 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 трлн теңге сомасында көзделсiн», – деп жазылған құжатта.
Ал ҚР Президенті айқындаған мақсаттарға Ұлттық қордан нысаналы трансферт түрінде 3,25 трлн теңге бөлінбек. Демек 2024 жылғы 1,6 трлн теңгеден 2 есе өсті.
Шығын көлемі:
- шығындар – 25,8 трлн теңге (2024 жылға қарағанда +10,1%);
- бюджет тапшылығы – 4,1 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,7%-ы.
«Бұл ретте 2025 жылы салық түсімдері өсімінің негізгі оң факторы «Қашаған», «Теңіз» және «Қарашығанақ» жобаларын игеру есебінен тау-кен өнеркәсібі дамиды. Бұл 2025 жылы мұнай өндіруді 97,2 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етеді», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы сәуірде Ұлттық қордағы қаражат 200 млрд теңгеге азайды.
Жалпы 2024 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қордағы қаражат көлемі 29,1 трлн (29 111 476 663 8,5) теңге болған еді.
Ал наурыз айында мақсатты трансферттер үшін Ұлттық қордан 411 млрд теңге алынды. Сәуір айында да дәл осындай сомада мақсатты трансферттер бюджетке аударылды.
Айта кету керек, Halyk finance сарапшылары биыл Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттер көлемі ұлғаюы мүмкін екені туралы қауіп білдірген еді.