Ресейде Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге сырттай үкім шығарылды. Бұл туралы РИА новости хабарлады.
«Петр Юрьевия Врублевский кінәлі деп танылсын. Оған жалпы режимдегі колонияда алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деген үкім шығарды судья Тимур Вахрамеев.
Врублевскийдің адвокаты Дмитрий Кирсанов мәтінін алған соң, үкімге шағым түсіретінін айтқан.
Ресей соты Врублевскийге «жеккөрушілік, ұлтты және тілі бойынша жаулық туғызуға бағытталған әрекет жасады» деген айып тағып отыр.
Бұған дейін 8 тамызда іс Мәскеудің Басман аудандық сотында сырттай қаралып жатқан.
Ресей Бас прокуратурасының ақпаратына сүйенсек, сот Врублевскийге қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысын бекітті.
Есте сала кетейік, Петр Врублевский Украина мен Ресей арасындағы жанжал туралы сөз ете келе, «орыстарды көбірек қыруымыз қажет» деп мәлімдеген болатын. Бұл сөзді Қазақстан халқы ассамблеясы да айыптады. Дипломатты Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне шақырған. Артынша оның артық кеткен сөзі үшін кешірім сұрағаны белгілі болды.
Бұрынғы елшісінің мәлімдемесі Ресейді дүрліктірді. 2022 жылы қазан айында Ресейдің сыртқы істер министрлігі украиналық елшісінің сөзі үшін Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақыртқан еді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 5 қазанда Украина тарапының шешімі бойынша Врублевскийдің Қазақстаннан кететінін, ал Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарованың мәлімдемесі Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынасқа үйлеспейтінін мәлімдеген еді.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Захарованың мәлімдемесіне түсініктеме бере отырып, Захарова Врублевскийдің Қазақстаннан кететін біліп, ұпай жинап қалғысы келетінін айтты. Азат Перуашев болса, Ресейден Қазақстанның мемлекеттілігін сыйлауға шақырды.
Қазақстанның СІМ-і Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді шақырып, қатқыл әңгіме айтқан.
Көп ұзамай Врублевский Қазақстандағы елші қызметінен кетті. 2024 жылы 4 наурызда Ресей оған халықаралық іздеу жариялады.