Жаңалықтар

«Сметов тұратын көшеде асфальт салу онсыз да жоспарланған еді» – Қарашөкеев жауап берді

Сметов тұратын көшеде асфальт салу онсыз да жоспарланған еді / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің көшесіне төселген жол қазан айына жоспарланғаны туралы айтты.

«Ол ауылда қазан айында астфальт төселеді деген жоспар болған. Қазір жол жөндеу бойынша да мемлекеттік жұмыстар оңай емес. Сондықтан процесс басталған еді.  Ұтып алған мердігерлер екінші мердігерлермен соттасып, асфальт төсеу мәселесі кешікті. Мерзім бойынша шілде айында асфальт төсеуіміз керек болатын. Сол себепті мердігерлер өз тарапынан жолды жөндеп берді. Сметовтің ауылында 6-8 жолды жөндеу жоспарда бар еді. Оған үлгермей жатыр», – деді Қарашөкеев.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Елдос Сметов дзюдодан чемпион атанған соң, оның үйіне баратын жолға асфальт төселген. Кейін бұл әрекет әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. 

Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуде Елдос Сметовтің жеңісіне ерекше тоқталған еді.

Елдос Сметов байрақты бәсекенің алғашқы күндері Жақсылық Үшкемпіровтің даңқты жолын жалғады. Ел тарихында тұңғыш рет дзюдодан Олимпиаданың алтын медалін алды. Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз. Шын мәнінде, қатарынан үш рет Олимпиада жүлдегері атану – нағыз чемпионның қолынан келетін ерлік. Сенің жеңісті жолың спортшыларымызға жігер берді, барша халқымызды қуанышқа бөледі, – деді Президент.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Олимпиада чемпионына пәтер мен Lexus 600 көлігінің кілтін табыс еткен еді.

Чемпионның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев марапатсыз қалмады – 2 бөлмелі пәтер алды.