«Шұбаркөл Премиум» көмір өндіру кәсіпорнына бас директор тағайындалды. Бұл жөнінде KASE Қазақстан қор биржасы хабарлады.
Тарқатып айтсақ, 2024 жылдың наурыз айында Фарит Азизов «Шұбаркөл Премиум» бас директоры қызметінен босатылды. Одан кейін тамыз айының ортасына дейін Нұрбек Омаров бас директордың міндетін атқарушы болды. Омаровтан соң Руслан Аманбаев міндетін атқарушы ретінде тізгінді қолға алды. Екі апта өтпей жатып, Аманбаевтың қызметі тәмамдалды. Яки 29 тамызда бас директор болып Бауыржан Орынғалиев тағайындалды.
Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Resources компаниясының сайтында Орынғалиевтің басқарма төрағасының орынбасары екені көрсетілген. Uchet.kz мәліметі бойынша ол «Ертіс» ферроникель зауытын басқарған.
Сонымен «Шұбаркөл Премиум» 2022 жылы 71,8 млрд пайда тапса да, 2023 жылы 4 млрд теңге шығынға ұшырады. 2024 жылдың алты айында компания 6,3 млрд теңге жоғалтты.
Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Шұбаркөл Премиумның» акционерлері: Joint Resources – 67%, Trans Coal Investment Group – 16,5%, «FCI Management» ЖШС – 16,5%. Аудиттелген қаржы есебіне сәйкес, Joint Resources компаниясының жалғыз акционері – Тимур Құлыбаев.
Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Құлыбаева (тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы) әрқайсысы 5 миллиард доллар байлығымен әлем бойынша Forbes тізімінде 619-орында тұр. Яғни Құлыбаевтар отбасы 10 миллиард долларға ие. Олар дәулеті 6,3 миллиард доллар болатын Kaspi-дің ірі акционері Вячеслав Кимнен кейін ерлі-зайыптылар ең бай қазақстандықтар болып есептелінеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, Шұбаркөл көмір кен орнында бір ғана компания – ERG құрылымына кіретін «Шұбаркөл Көмір» жұмыс істеген. 2013 жылдың сәуір айында құрылған «СП Арбат» компаниясы (кейіннен «Шұбаркөл Премиум» деп аталды) сол жылдың қараша айында көмір өндіруге арналған 25 жылдық келісімшартқа бірден қол жеткізді. Компания өндірген көмір Жапония мен басқа елдерге экспортталады. Сонымен қатар Қазақстан тұрғындары үшін коммуналдық-тұрмыстық көмір өндіруші ретінде танымал.