Жаңалықтар

Украина Ресейдегі басып алған аймақтарын бақылауда ұстамақ – Зеленский

зеленский
Зеленский Украина басып алған жерлерді не істейтінін айтты / Фото: shutterstock

Украина президенті Владимир Зеленский өткен айда Ресейдің басып алған жерлерін бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Бұл туралы NBC News арнасына берген сұхбатында айтты. Зеленскийдің айтуынша, ресми Киев осылайша Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздер үстеліне отырғызуға тырысып жатыр.

«Бізге олардың жері керек емес. Біз украиндық өмір салтымызды ол жаққа өткізгіміз келмейді», – деді Зеленский Украина Ресейге шабуыл жасағаннан кейінгі алғашқы жеке сұхбатында.

Украина бұл аумақты меншігінде «ұстай тұруға» ниетті. Өйткені Зеленскийдің айтуынша, бұл оның соғысты тоқтату жөніндегі «жеңіс жоспарының» ажырамас бөлігі. Ол өз ұсынысын АҚШ сияқты халықаралық серіктестеріне жеткізбек.

Зеленский сонымен қатар Ақ Үй Украинаның Ресей аумағына басып кіру жоспарынан бейхабар болғанын да атап өтті.

«Иә, біз ешкімді хабардар етпедік. Бұл жерде сенімсіздік мәселесі туындап тұрған жоқ. Тек Киевтің былтыр жаздағы қарсы шабуылы тым көп талқыланып, ресейліктерге дайындалуға мүмкіндік бергендіктен, сәтсіз аяқталды. Бұл жолы тіпті Украинаның арнайы қызметі де шабуыл туралы білмеді», – деді Зеленский.

Оның айтуынша, Украина бейбіт келіссөздерге тек басым позициямен кіргісі келеді. Басып алған жерлерді ресми Киев келіссөз барасында негізгі көзір ретінде пайдаланбақ. Бейбітшілік жөніндегі екінші саммит қараша айында өтеді деп жоспарланған.

2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы «Арнайы әскери операция» деген атпен ауқымды соғыс бастады. Шабуылдың мақсаты ретінде Украинаның Донецк және Луганск облыстарының тәуелсіздігін қамтамасыз ету аталған болатын. Ресей оларды ресми түрде Донецк халық республикасы және Луганск халық республикасы деп атайды.

Ал 2024 жылдың 6 тамызында украин әскерлері Ресейдің Курск облысына жасырын операция жүргізіп, екі жарым жылға созылған соғыстың статус-квосына қарсы шықты. Украина Ресейдің Курск облысына басып кіргеннен кейін, Ресей президенті Владимир Путин бұл әрекетті арандату деп атады.

Украина әскері Курск облысына 30 шақырым ішкері енген. Сонымен қатар жүздеген ресейлік әскериді тұтқынға алғанын хабарлады.