Жамбыл облысында «Томирис патшайымды» ерекше күтіп алған мектепте тексеріс басталды

Жарияланды 5 Қыркүйек 2024 18:21

(жаңартылды 6 Қыркүйек 2024 14:50)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Томирис патшайымды» ерекше күтіп алған мектеп тексеріледі / фото: видеодан скрин коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жамбыл облысының білім басқармасы Тереңөзек ауылының мектебінде өткен ерекше шарадан кейін тексеру жұмыстарын бастады.

Әлеуметтік желіде «Томирис Патшайым» деп танылған бақсы әйелді мектепте құрмет көрсетіп қарсы алған видео тарады. Бейнеролик кадрларында әйелдің сәнді көйлек пен тәжге ұқсайтын бас киім киіп, мектепке келгені көрсетілген. Оны қарсы алуға жиналған адамдар қақ айырылып құрмет көрсетсе, оқушылар оның қызыл көйлегінің етегін жерге тигізбей көтеріп жүр.

Т. Рысқұлов аудандық білім бөлімінің Жамбыл атындағы орта мектебінің мәліметіне сәйкес, видеодағы әйел Гүлсара Көпбаева осы ауылдың тумасы. Ол мектепке Томирис патшайым кейпінде келіп, кезінде өзі оқыған мектепке қайырымдылық көмек көрсету мақсаты болған.

Әлеуметтік желіде мұғалімдерден қонақты лайықты қарсы алу үшін төрт мың теңгеден ақша жинап, емшіге арнап концерт ұйымдастырғаны туралы да ақпарат тарады.

Видеоны көрген қазақстандықтар мектеп басшылығы мен жергілікті әкімдікке сын айтып, наразылық білдіргеннен кейін, Жамбыл облысының білім басқармасы пікір білдірді.

«Мектепте ұйымдастырылатын кездесуге ұжымынан қаражат жинап, қонақты күтіп алу мәселесі жайлы жергілікті атқарушы органдарға хабарлама берілмеген. Аталған мәселеге қатысты Жамбыл облысының балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкілі, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті арнайы тексеріс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің білім, ақпарат және қоғамдық даму басқармалары тарапынан жұмысшы тобы құрылып, зерделеу жұмыстары атқарылып отыр», – делінген хабарламада.

Білім басқармасының мәліметінше, зерделеу нәтижесіне сәйкес тиісті шаралар қолданылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз