2023 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны жаһандық экономиканың дамуынан жоғары болды. 2024 жылы көрсеткіш 4% деңгейінде сақталады – Ұлттық банк
Ұлттық банк 2023 жылғы Қазақстан экономикасындағы өзгерістерге талдау жасап, банк секторы мен микроқаржы ұйымдарының тәуекелдеріне бағалау жүргізді.
Есепке сүйенсек, 2023 жылы Қазақстан Республикасындағы қаржылық тұрақтылыққа әсер ететін тәуекел факторлары қалыпты деңгейде болды. Көрсеткіш жыл соңына қарай тұрақты деңгейге дейін төмендеген.
«Қаржы жүйесіндегі теңгерімсіздік кредиттеу қарқынының төмендеуі және жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның баяулауы аясында жыл бойына төмендеді», – деп жазылған талдауда.
Былтырғы көрсеткіштер
2023 жылы Қазақстанда инфляцияның 9,8%-ға дейін төмендеуімен қатар, экономиканың 5,1%-ға айтарлықтай өсуі байқалған. Бұл ретте Ұлттық банк теңге бағамының құбылмалылығына сыртқы факторлардың әсері шектеулі болды деп есептейді.
«Ұлттық Банк инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған монетарлық саясатты ұстанды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар номиналды өсуге қарамастан, экономика көлеміне қатысты төмен деңгейде қалып отыр», – деп жазылған есепте.
Талдау бойынша, 2023 жылы Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны жаһандық экономиканың өсімінен жоғары болған. Көрсеткіш 2022 жылғы 3,2%-бен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, нақты мәнде 5,1%-ды құрады.
ХВҚ деректеріне сәйкес 2024 жылы Қазақстан экономикасының қалыпты өсу қарқыны 4,0% деңгейінде сақталады.
Экономикалық өсімді тежеген факторлар
Есепке сүйенсек, 2023 жылы мұнай бағасының 17%-ға төмендеуі, сондай-ақ экономиканың жаһандық өсуінің баяулауы болды.
Ең жоғары өсім «Құрылыс» (13,3%), «Көтерме және бөлшек сауда; автомобиль мен мотоцикл жөндеу» (11,3%), «Ақпарат және байланыс» (7,1%), «Көлік және қоймада сақтау» (7,1%), «Тұру және тамақтану қызметін көрсету» (6,5%) салаларында байқалды.
Ауыл шаруашылығы секторы бойынша теріс динамика байқалды, 2023 жылы 7,7% төмендеді (2022 жылы 9,1%-ға өсті).
2022 жылмен салыстырғанда, мұнайдың әлемдік бағасы 2023 жылы төмендеді
Brent-тің орташа жылдық бағасы 2023 жылы барреліне 82,2 доллар болды.
«Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 17% төмен. 2022 жылы геосаяси шок пен логистикалық проблемалар жағдайында мұнайдың орташа жылдық бағасы 99 доллар болды, 2022 жылғы наурызда жылдағы ең жоғары мән – барреліне 127,98 доллар еді», – деп хабарлады ҰБ.
Доллар бағамы құбылды
2022 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 2023 жылға қарағанда айтарлықтай құбылмалы болды. 2022 жылы мұнайдың белгіленген бағасы мен экспорттан кейінгі кірістердің арақатынасы бірінші жартыжылдықта айқын көрінді. Мұнай экспортынан түскен түсімнің артуы бағамның одан әрі нығаюына әкелді.
«2022 жылы долларды теңгеге шаққандағы бағамның ең жоғары мәні наурызда 512,19 теңге, ең төмен мәні маусымда – 414,67 теңге болды. 2023 жылы доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айталықтай тұрақты болды, жылдық орташа мәні 456,28 теңгені құрады», – деп жазылған есепте.
Сонымен қатар есепте банк секторы, ипотека, несие сынды бірқатар көрсеткіштер қамтылған.
Еске сала кетсек, AERC Қазақстанның экономикасы 2024 жылы 4,6% өседі деген болжам жасайды. Сарапшылар 2024 жылға АҚШ долларының орташа бағамын 473,2 деңгейінде қалыптасады деп болжайды.