
АҚШ төтенше жағдайда пайдаланатын стратегиялық мұнай қорын жылдам азайтып жатыр. 17 шілдеде аяқталған аптада резервтен тағы 5,1 млн баррель мұнай алынып, қор көлемі 311,4 млн баррельге дейін төмендеді. Сонау 1983 жылғы наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Мұнайды резервтен шығару әлемдік нарықтағы тапшылықты азайтып, жанармай бағасының күрт өсуіне жол бермеу үшін қолға алынған. АҚШ жалпы көлемі 172 млн баррель болатын мұнайды нарыққа жіберуге келіскен. Ақпанның соңында АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысы басталғалы стратегиялық қор шамамен 104 млн баррельге қысқарды.
Алайда бұл саясаттың екінші жағы бар. Reuters сарапшылары мұнайды қазір нарыққа шығару бағаны уақытша ұстап тұруы мүмкін, бірақ резервтің азаюы АҚШ-тың келесі ірі дағдарысқа дайындығын әлсіретеді дейді. Қорды кейін қайта толтыру үшін мемлекет мұнайды нарықтан сатып алуға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде болашақта мұнай бағасына қосымша қолдау беруі ықтимал.
АҚШ-тың коммерциялық және стратегиялық қорларын қосқандағы жалпы мұнай қоры да 726,2 млн баррельге дейін азайған. Бұл – 1984 жылдан бергі ең төмен деңгей.
Айта кетейік, 21 шілдедегі жағдай бойынша мұнай бағасы барреліне 89 доллар шамасында қалыптасты.