Мұнай бағасы құбылғанымен, теңге бағамы тұрақты болып қалуы мүмкін. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сауалнамасына пікір білдірген қаржы нарығының өкілдері теңге бағамы әсер ететін факторларды атады.
Болжам бойынша, қазанның басында теңге сәл нығаюы ықтимал. Сауалнама жүргізілген кезде доллар бағамы 477,2 теңге болса, сарапшылар келесі айда 476,5 теңгеге дейін арзандауы мүмкін деген. Ал келер жылғы бағамға қатысты болжамында теңге 3,8% құнсызданып, доллар 495,4 теңгеден саудалануы мүмкін деген болжам айтылды.
Жалпы қазіргі кезде мамандар теңге бағамына әсер ететін бірнеше факторды атайды. Олар: жоғары пайыздық мөлшерлеме, елдің егемен рейтингісінің өсуі, бейрезиденттер тарапынан мемлекеттік бағалы қағаздарға деген сұраныстың артуы, Ұлттық банктің көптен валюта сатуы.
Қаржы нарығының өкілдерін алдағы уақытта шикізат бағасының арзандауы мен мұнай өндірісінің қысқаруы теңге құнына кері әсер ететінін айтқан. Сауалнама барысында Brent маркалы мұнайдың баррелі 1 жылдан соң 78,9 доллар шамасына саудалануы мүмкін деген болжам жасаған.
Алайда 10 қыркүйектен Brent маркалы мұнай кейінгі 3 жылдағы көрсеткішінен қатты арзандады. Шикізат бағасы барреліне 69,72 долларға дейін құлдырады.
TENGENOMIKA телеграм-арнасы мұнайдың арзандауына АҚШ пен Қытай нарығындағы мұнайға деген сұраныстың төмендеуі, ОПЕК+ ұйымының жыл соңына дейін мұнай өндірісін үдетуі себеп болғанын жазады.
Сол күні сауда-саттықта теңге 1,49% құнсызданып, доллардың ресми бағамы 477, 44 теңге деңгейінде қалыптасты. 11 қыркүйекте айырбастау пунктері долларды 479 теңгеден сатып жатыр.