Өзбекстанда Паралимпиада жүлдегерлеріне көлік пен пәтер берілді

Жарияланды 11 Қыркүйек 2024 13:04

(жаңартылды 11 Қыркүйек 2024 13:21)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Өзбекстанда Паралимпиада жүлдегерлері марапатталды / Фото: Өзбекстан паралимпиада комитеті

Өзбекстанда Париждегі Паралимпиада жеңімпаздарына көлік пен пәтер берілді Бұл туралы Өзбекстанның Паралимпиада комитеті жазды.

Комитеттің мәліметінше, алтын медаль иегерлері Chevrolet Tahoe көлігін және 200 мың доллар ақшалай сыйлық алды, екінші орын алған спортшыларға BYD Song Plus EV көлігі мен 100 мың доллар берілді, ал қола медаль алғанжүлдегерлер BYD Song Plus DM көлігі мен 50 мың доллар алды. Сондай-ақ барлық жүлдегерге пәтер кілті табысталды.

Сыйлықтарды Сенат Олий Мәжілісінің төрайымы Танзила Нарбаева мен Заң шығарушы палатаның спикері Нуриддин Исмоилов табыстады.

Париждегі Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Өзбекстан құрамасы республика тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді – спортшылар 10 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды. Осы жетістіктің арқасында Өзбекстан Паралимпиада ойындарының медаль есебінде 13-ші орынға ие болды.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Паралимпиада ойындарында 9 жүлдемен 39-орында тұрақтады.

Қазақстанға алтынды пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев пен пара дзюдо бойынша Ақмарал Науатбек әкелді. Күміс жүлдегерлер – нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара жүзу бойынша Нұрдәулет Жұмағали, пара дзюдодан Ерғали Шамей. Ал Дастан Мұқашбеков пара жеңіл атлетикадан, Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков пара дзюдодан қола жүлде алды.

Сондай-ақ оқыңыз