Freedom Finance Ltd. компаниясы Astana International Exchange (AIX) биржасында облигациялар орналастырды. Бұл облигациялық бағдарламаның екінші шығарылымы.
Олардың жылдық кірістілігі 10,5% шамасында. Бағалы қағаздар Freedom Holding құрамына кіретін еншілес компания – Freedom Finance SPC Ltd. арқылы орналастырылған. Бұл жалпы мөлшері 1 млрд долларға тең облигациялық бағдарламаның екінші кезеңі.
Бұған дейін 2023 жылдың желтоқсанында бөлшек инвесторлар үшін жылына 11,5-12%-бен бес жыл мерзімге облигациялар орналастырған еді. Оның сомасы 200 млн долларды құрады. Осы жолы да компания 200 млн доллар тартты.
Компанияның хабарлауынша, жиналған қаражат телеком-оператор құруға жұмсалады.
Айта кететіні, облигациялар шығарылымы жария түрде ұйымдастырылады, оған кез келген жеке инвестор қатыса алады. Freedom Holding Corp. компаниясының облигациялары АХҚО-ның қағидалары мен заңнамасына сәйкес шығарылды.