«Шетелге қарағанда Қазақстанда концерт өткізген қиын»: Димаш Құдайберген Euronews арнасына сұхбат берді

Жарияланды 18 Қыркүйек 2024 11:48

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Димаш Euronews-ке сұхбат берді / Фото: скрин, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Димаш Құдайберген Астанадағы концерті алдында Euronews арнасына берген сұхбаты жарияланды. Әнші сұхбат барысында өзінің музыкалық қызығушылығы, шығармашылы туралы және көшпенділер ойындарының маңызы туралы сөз қозғады.

«Жарты жыл бұрын үкімет мені көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Мен ойланбастан келістім, себебі бұл ойындар елдің мәдениет саласы үшін өте маңызды екенін білемін. Бұл біздің дәстүрімізді ғана паш етіп қоймай, ат спорты мен өзге де спорттағы таланттарды да танытатын мүмкіндік. Мен жеке концертімді бергеніме қуанамын, сәл қобалжығаным да бар. Өзге елдерде концерт беру оңай, ал Қазақстанға келгенде менің ұстаздарым қарап отырғандықтан, емтихан тапсырғандай боламын», – деді әнші.

Cондай-ақ Димаш өзінің үлкен миссиясы бар екенін атап өтті.

«Мен қазақ екенімді мақтан тұтамын. Қазір менің үлкен миссиям бар. Ақша табу үшін емес, еліміздің мәдениетін, бүкіл әлемдегі аудиторияға дәстүрлі музыкамызды таныстыру үшін халықаралық әнші болдым», – деді әнші.

Еске сала кетейік, 13-14 қыркүйек күндері Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтті. Әншінің концертіне Эстония, Аргентина, Швейцария, Парагвай, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Франция, Испания, Польша, Беларусь, Ирландия, Чехия, Венгрия, Финляндия, Өзбекстан, Германия, Норвегия, Түркия, барлығы 80 елден 10 мыңнан астам қонақ келген. Олардың көпшілігі Dears деп аталатын жанкүйерлер тобы. Мұндай жанкүйерлердің ең көбі Қытайда, бұл жолы да көрші елдегі фан-клубынан 100-ден астам адам келген.

Сондай-ақ оқыңыз