«Қамшының соққысынан қорқатын болса, көкпар ойнамай-ақ қойсын»: депутат Қожаназаров Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасындағы дауға тоқталып өтті

Жарияланды 18 Қыркүйек 2024 14:00

(жаңартылды 18 Қыркүйек 2024 14:48)
post.authors.0.name

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Коллаж: kursiv.media (parlam.kz және worldnomadgames.kz), бильд-редактор: Денис Андреев

Парламент Мәжілісінің кулуарында депутат Айдарбек Қожаназаров V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан финалдық кездесуде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары арасында болған дау туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазақ көкпаршысы расымен де қамшымен салып жіберген. Алайда бұл арызданатын жағдай емес.

Көкпар – бұл нағыз батыр жігіттердің ойыны. Кейде аттың үстіндегі адамның эмоциясы доп қуған не боз кілемде алысып-жұлысқан спортшылардан да артық кетіп жатады. Әр спорт түрінде ереже әртүрлі бұзылады. Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес. Рас, ойында тәртіп бұзылды, төрешілердің шешімі бойынша тәртіп бұзған ойыншыға ескерту берді. 2 минутқа алаңнан қуылды. Қамшының соққысынан қорқатын болса, көкпар ойнамай-ақ қойсын«, – деді Қожаназаров.

Айдарбек Қожаназаров қырғыз ойыншысын қамшымен салып жіберген қазақ көкпаршысы осыдан бірнеше жыл бұрын Қырғызстанмен болған ойыннан кейін, жан сақтау бөліміне түскенін тілге тиек етті. Ол кезде Қазақстан тарапы шағымданбаған.

Қамшымен ұрған ойыншыны бұған дейін бірнеше жыл бұрын қырғыз ойыншылары реанимацияға түсірді. Ол кезде наразылық білдірген жоқпыз ғой! Жаппай көкпарда одан да қорқынышты кадрларды көріп жүрміз. Сондықтан жылай берудің қажеті жоқ. қазақтың көкпаршылары анық басым түсті. Қырғыздар ойын алаңында 10 салым саламыз десе, біреу оған кедергі жасады ма?! Керек десе екі жақ тең түсіп, қосымша уақыт та берілді. Қазақстанның Ұлттық құрамасы таза жеңді«, – деді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Астанадағы «Қазанат» ипподромында көкпардан финал өткен. Ақтық сайыста Қазақстан құрамасы Қырғызстаннан келген көкпаршылармен бақ сынасып, жеңіске жеткен еді.

Финалдық ойын барысында екі елдің көкпаршылары арасында қақтығыс орын алып, Қазақстанның ҰҚК қызметкері қырғыз көкпаршысына қысым көрсеткен деген ақпарат тараған еді. 

Осыдан кейін Қырғызстан көкбөрі федерациясы ойын нәтижесіне көңіл толмайтындарын айтып Қазақстан көкпаршыларын Ыстықкөл жағасында қарымта ойынға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз