Жаңалықтар

«Майқайыңалтын» кенішінде болған апатқа кінәлі тұлғалар ұсталды

Майқайыңалтын
«Майқайыңалтын» АҚ экс-директоры мен қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілері бойынша ұсталған / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

«Майқайыңалтын» АҚ экс-директоры мен 5 жетекші қызметкері ұсталды. Бұл жайлы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

«Павлодар облысының полицейлері «Майқайықалтын» АҚ-ның экс-директоры мен бес жауапты қызметкерін уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлаған баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше компанияның жауапты тұлғалары тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс барысында ұсталған.

Еске сала кетсек, Астана қалалық сот алқасы «Майқайың» кенішіндегі апатқа жұмыс беруші компанияны кінәлі деп тапқан болатын.

Мұның алдында бұл істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарап, апатқа «Майқайыңалтын» компаниясын 100% кінәлі деп таныған болатын. Алайда «Майқайыңалтын» АҚ бұл қылмыстық іске өзінің қатысы жоқ екенін алға тартып, шағым түсірген. Бірақ Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы мұның алдында шығарылған сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Апат туралы

«Майқайың» кенішіндегі апат 2024 жылдың 4 қаңтарында болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына бара жақан жолда жер опырылып, құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Шұңқырға құлап кеткен соңғы құтқарушының мәйіті тек 7 ай өткен соң табылып, жер бетіне шығарылды. Ол 75 метр тереңдікке құлап кеткен. Автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің денесін іздеуге түрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылған.

Ал мұның алдында бір апта бұрын, 19 шілдеде үшінші құтқарушы Айдос Шаймерденнің мәйіті жер бетіне көтерілген болатын.