Акционерінің ауысуы Tele2 мен Altel байланыс сапасына қалай әсер етеді? Компания басшысы жауап берді
Қатарлық инвестордың иелігіне өткен соң, Tele2 мен Altel байланыс сапасы жақсара ма? Бұл сұраққа Kazakhstan Growth Forum 2024 барысында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басшысы Сергей Назаренко жауап берді.
Оның пайымынша, Tele2 мен Altel-ді шетелдік инвесторға сатудың өзі оң шешім болған. Өйткені компания шектен тыс мемлекеттік реттеудің салдарынан әлі толық дами алмай келеді.
«Біз мемлекеттік құрылым болдық. Сондықтан бізді шектейтін ережелер мен әртүрлі талаптарға бағынамыз. Жеке компания сияқты жылдам және тиімді шешім қабылдай алмаймыз. Сондықтан шетелдік жеке инвестордың келуі бизнеске оң әсер етеді деп ойлаймын. Коммуникациялық мәселелерді анағұрлым жылдам, тиімдірек шеше аламыз», – деп атап өтті Сергей Назаренко.
Назаренконың айтуынша, байланыс сапасына мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен кейбір қазақстандықтардың радиофобиясы да кедергі болып отыр. Нәтижесінде кей аудандарда байланыс сапасы нашар.
«Кейбір адамдар инфрақұрылым салғанымызды қаламайды. Радиофобтарға қатысты мұндай жағдайлар көп кездеседі. Бірақ біздің инфрақұрылым барлық санитарлық нормаларға сай, қажетті талаптарды толық орындаймыз», – деді спикер.
ҚР Премьер-Министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров 2024 жылғы 11 қыркүйекте компанияны катарлық инвесторға сату жөніндегі мәміле қыркүйекте аяқталатынын айтқан. Оның нақты сомасы коммерциялық құпия. Бұған дейін Цифрлық даму министрлігінің басшысы Жаслан Мәдиев операторға иелік ететін «Мобайл Телеком Сервис» компаниясын 1 млрд долларға бағалаған болатын. Ал компанияға иелік ететін «Қазақтелеком» қаржы есебінде АҚ Tele2/Altel-ді сатудан 536 млрд теңге алуды жоспарлап отырғанын жазған.
Қазіргі кезде Tele2/Altel байланыс операторларына «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС иелік етеді. Оның жалғыз иесі «Қазақтелеком» компаниясы.