Жаңалықтар

Қазақстанда мүгедектікті енді тәуелсіз сарапшылар анықтайды

Мүгедектікті тәуелсіз сарапшылар анықтайды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда азаматтардың мүгедектігін белгілеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартыла бастады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды.

«Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберілетін азаматтарды сырттай проактивті форматта куәландыруға тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша пилоттық жоба басталды. Қазақстанның Әлеуметтік кодексінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуелсіз сарапшылар институтын толық көлемде енгізу көзделген», – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүргізіледі. Пилоттық жоба аясында конкурсқа 50-ге жуық адам қатысқан. Іріктеудің барлық кезеңінен 18 сарапшы дәрігер сәтті өтіп жұмысқа кірісті.

Сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларға бірқатар талаптар қойылады:

  • жоғары медициналық білім;
  • денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты;
  • медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселелері бойынша соңғы 5 жылда оқудан өткенін растайтын құжат.

Тәуелсіз сарапшыларға мүгедектігі бар пациенттің медициналық құжаттары мемлекеттік органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде автоматты түрде электронды түрде түседі. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы мүгедектігін белгілейтін пациенттің аты-жөні кім екенін білмейді.

Еңбек министрлігі тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу арқылы қазақстандықтардың сарапшылармен байланысын болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің көлемі артуы мүмкін туралы жазған едік.